Жарым

lat: Jarym

сан есім. 1. Екіге бөлген заттың бір бөлігі, жартысы. Бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген момындарды аямасаң болмайды (Абай, Тол. жин.). Қаралы күйдің сарыны Тұндырды бүгін құлақты. Денемнің өліп жарымы, Жарымы тірі сияқты! “Арман жоқ, ұлым, мен сенің Алдыңда кетсем” деуші едің (Т.Молдағалиев, Шақырады.). Физиктер Антарктидадағы мұзды бір жарым километрлік тереңдікте үңгірлей қазып, оның ішіне 677 фотоэлемент жіберді («Зерде»). 2. Белгілі бір уақыт көлемінің, ағымының тең екіге бөлгендегі бір бөлігі, жартысы. Бір жарым ғасыр Бір есім асыл Жадыңнан әсте кетпей тұр. Туғызған соны Шыңғыстың жоны Аспанға аз-ақ жетпей тұр. Жетпейді оған Керемет туған Кемеңгер басын құраса. Абай ғой, дедің Қазақтай елдің Төбесі кім? деп сұраса (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Қонақтардың ағып-тамып жиналуы сағат жарымға созылды (Т.Ахтанов, Қаһарлы күн). 3. сөйлеу. ауыспалы мағына. Кемтар, жарымжан. Көргенше мұндай күйде сені, жаным, Болсайшы суқараңғы көзім жарым (Т.Ізтілеуов, Рүстем.). 4. сөйлеу. ауыспалы мағына. Есуас, жындысүрей. Жарым жігіт жаяу жүріп, Тың киікті қуады (Мақал). Сыйлап құрмет етпедің, Ақылсыз, мисыз, жарымсың, Анаңды сабап өктедің Тоғыз ай он күн көтерген (Батырлар жыры). Бар еді палуаны деген Қалұн, Аузынан шығатұғын от пен жалын. Жіберді үш мың жігітті ізіне ертіп, Ерсінген есі кеміс, өңшең жарым (Т.Ізтілеуов, Рүстем.).