сын есім. 1. Кемтар, мүгедек, дімкәс. Бейшара бала, Сорлы анаңа Шер болуға тудың ба?! Жарымжан сорлы жарты адам боп, Қайтіп өмір сүресің?! (Ж.Аймауытов, Шығ.). Аурудан бір шықпайтын жарымжан анасының халі мен жүдеушілік жағаласа бастаған үй ішінің жайы Қойбағардың бала көңіліне қозғау салды (М.Хасенов, Тұлпар.). Бірақ сөйтіп жарымжан болып қайтса да, олардың әрқайсысының келуі ауыл үшін мереке еді (С.Мұратбеков, ЖаБайы.). «Мені күтпе сарғайып, қымбат досым, Сен сүйерлік көркім жоқ мен жарымжан». – Жігіт хаты қызға кеп жетті тосын, Хатты оқып қыз қайғырып болды хайран (С.Бегалин, Таңд. өлеңд.). 2. Мүсәпір, ғаріп, сорлы. Осылай солдат жалынған! Дәрмені құрып, далада жатыр жарымжан. Қанаты сынық ақ кептер, Алдына келіп түскен-ді құлап жалыннан (М.Мақатаев, Шығ.). Сенің үшін кең дүние қауыздай боп тарылған, Қарындағы қару емес, қарғыс таңба тағылған. Туған жерің, туған үйің, туысың жат, бәрі жат, Қайда барып күн кешпексің, ей, бишара жарымжан?! (М.Мақатаев, Шығ.). 3. ауыспалы мағына. Шала. Ал солар үш тілдің үшеуін де жарымжан білетінін қайтерсің? (К.Сауқымов, Тіл тазалығы).