зат есім. 1. Сәуле, нұр. Кең, таза бөлме шам жарығымен күндізгідей жайнап тұр (М.Иманжанов, Адам.). Шырақ қайда?! Жаңағы жарық қайда!? Кимелеп ұмтылады халық қайда?! Шынымен Әуезовке маңытпай ма?! Мына ағын бара жатыр алып қайда?!.. (М.Мақатаев, Шығ.). // Қараңғы емес; анық, айқын көруге келетіндей. Үйдің іші электр шамымен күндізгідей жарық (С.Ерубаев, Менің құрдас.). Туған айдың бірінен онына дейін ай жаңасы, ал айдың жиырмасынан отызына дейін ай қараңғысы. Ай жаңасы болғанда аспан жарық болар жарқырап (Қаз. ертегі.). Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар, Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар. Күндізгі харекеттен босағанда, Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар (Абай, Тол. жин.). Достарым, оған шейін асықпандар, Алдыңда әлі ататын жарық таң бар. Тез уақыт жердің жүзі бір түрге енер, Түбінде, замандастар, осымды аңғар (С.Торайғыров, Алаш ұраны). Деген сөз құлағыма естілді анық, Ояндым кезінде алау кештің жарық. Қанша күн, қанша сағат ойымда жоқ, Соншама жатсам керек есім танып (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Қартайғаным – кеш жатып, ерте тұрсам, Көкірегімнен өшпейді жарық бір шам. Жұлдыз санап жатқан шақ тағы мені Құшағыңа қайтеді бір шақырсаң. (Т.Молдағалиев, Шақырады.). 2. физикалық. Ұзындықтары 400 км-ден 760 км-ге дейінгі электромагниттік толқындар, адам көзіне көрінетін сәуле. Толқындық теория бойынша жарық дегеніміз – жарық таситын ерекше серпінді ортаның тербелмелі қозғалысы (ҚСЭ). Адам көзі қарқындылығы жоғары жарықты кеңірек диапазонда қабылдаса, жилігі әртүрлі жарықты әртүрлі түс ретінде қабылдайды (ҚҰЭ). 3. физикалық. Кең мағынада – көрінетін сәулемен бірге спектрдің ультракүлгін және инфрақызыл аймағындағы сәулелерді де қамтитын оптикалық сәуле. 4. Үй ішіне, үймеретке, бөлмеге сәуле түсіру үшін пайдаланылатын табиғи, жасанды жарық көздері немесе солардың сәулесі. Жарық бөлме мен ондағы заттарға жеткілікті және көзге жағымсыз әсер етпейтіндей болуы қажет (Қаз. тілі термин. Тамақ). Алқызыл шашақты абажур астынан бөлме ішіне жарығын жайған шам оның төбесіне қарайды (Ғ.Сланов, Шалқар). 5. ауыспалы мағына. Үміт, қызық, жақсылық. Күн келер – сенің ыстық қаныңның тамшылары тұрмыс қараңғылығында ұшқындай жарқырап, талай ержүректерге жарық пен азаттықты аңсататын от берер (М.Жұмабаев, Шығ.). Бала өмірде бар көрген, Жан жарығым біреу-ақ (М.Әуезов, Таңд. шығ.). 6. ауыспалы мағына. Осы дүние, жарық дүние, өмір. Бұл жарыққа аяқ басып туған жер, Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер. Жастық алтын, келмес күнімде, Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер! (Ж.Аймауытов, Шығ.).