Жарықтық

lat: Jaryqtyq

зат есім. 1. Біреудің жақсы қасиетіне риза болып, оған құрмет көрсету ниетімен айтылатын сөз. Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай (Абай, Тол. жин.). Халықты тура жолға салған Бозбай, Уағыздап шариғаттан кеңес қозғай. Әлеумет жарықтыққа сүттей ұйып. Бәйге алмас мұнан артық ешкім озбай (М.Дулатов, Шығ.). 2. сөйлеу. Қайтыс болған адамның іс-қылығына, мінезіне риза болғанда «марқұм» деген мағынада айтылатын сөз. Баяғыда атамыз жарықтық Қартқожадан қоярда-қоймай жүріп қалау қылып, ат беріп алған екен (С.Торайғыров, Алаш ұраны). «Қарала ағаш Қазанда Мекені еді жарықтық, Атаң менен анаңның (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.). 3. мифологиялық. Табиғат күштерін, жан-жануарды пір тұту, соған табыну мағынасын білдіретін сөз. Баян тауының бауырындағы жарықтық Жасыбай көлінің жағасы жасыл бұйраланып жетілген (I.Жансүгіров, Әңгім.). Табиғат жарықтық шеберлік өнерін аямай-ақ салған екен. Қою қара қасы қиылған, бидай өңді, қарақат көз, орта бойлы (С.Омаров, Дала қызы). Жер жарықтық еңбек етсең, барын аяған ба. Қара топырағы май емес пе (С.Жүнісов, Жапанда.). 4. экспрессивті. жақтырмау. «Шіркін, жазған, соққан» деген мысқыл мәнде адамға қарата қолданылатын кемсіту, шенеу мағынасындағы сөз. Бір пәлені тағы бастайтын болды-ау мына жарықтық. Отбасында өзім бар, өзім барда кімім бар дейсің де тұрасың-ау, жарықтық... (М.Әуезов, Қараш.). Неткен шәлкес жан еді, жарықтық, десіп былайғы жұрт жағасын ұстады (Д.Досжанов, Тұлпар.). Молдаға зекет, құшыр, садақа бермеу керек деп отырып, жарықтық патшаға да тіл тигізіп жібергені рас (М.Дулатов, Шығ.). 5. Бір нәрсеге, біреуге риза болу, оны қасиетті санау мәнінде қолданылатын сөз. Айта алмаймын қарық қып, Бұл туралы сұрама. Шындық деген жарықтық. Шымырлаған драма! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан). Ауылға жеткенше екеуінің әңгімесі әйел болды. Әйел деген жарықтық өмірі таусылмайтын, адамды жалықтырмайтын қызық әңгіме ғой (Ж.Аймауытов, Шығ.). Жеті түрлі дәм қосылған, оның үстіне соғымнан арнайы сақталған мүшелері қосылатын жарықтық наурыз көже көзден бұлбұл ұшып барып, бүгін ырыс-берекедей қайта оралды (Д.Қонаев, Өтті дәурен).