етістік. 1. Озып шығу, қалып қоймау мақсатын көздеп жүгіру, шабу, алға қарай ентелеу, ұмтылу. Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады, Толқынмен толқын жарысад. Күңіренісіп кеңеспен, Бітпейді бір егеспен Жарысып жарға барысад (М.Жұмабаев, Шығ.). Жаман емес тіршіліктің барысы, Жөнге келіп қалды жұрттың әр ісі. Жас енелер сәби сүйе бастады, Жаңа түскен келінімен жарысып! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан). 2. Күш сынасу. Сол жерде Түлкі келді арыстанға: «Жығасың, – деді, – бәрін алысқанда. Боларсың дұшпан түгіл, досқа күлкі, Киіктен қалып қойсаң жарысқанда (А.Байтұрсынов, Шығ.). 3. Бір-бірімен бәсекелесу, бірін-бірі басып озып отыру. Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан. Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан. Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан (Абай, Тол. жин.). Ойнаған қырда асыр сап, Жарысып тай мен тайлағы (Қ.Аманжолов, Шығ.). Қасқырлар жарысып, кезек-кезек озысып отырып келіп, даладағы қойға тиді (М.Әуезов, Қараш.). 4. Бәйгеге, ат шабысына қатысу. Ат өнері білінбес, Бәйгеге түсіп жарыспай (Ы.Алтынсарин, Шығ.). Жүйріктік ерге не керек, Жарысқанда бәйгі алып, Халқына олжа салмаса (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.). Ей, Ардақ! Ат қайда Ақбақайдай жарысарға? Ардаққа қолым создым алысарға. Жайлауға ел қондырып, қозы сойып, Күн бар ма Ардақ қызбен табысарға (Ә.Найманбаев, Шығ.). Бәйге аттары жарысты, Жорға аттары салысты, Қыз қуып, көкпар тартылды, Палуандар күресті табандарын тіресті, Бұлшық етін бұлтитып, Бір-бірімен сіресті (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Көкпар тартылып, ат жарысып, не концерт, ойын қойылып жатқан бір қызыққа кездеспей-ақ қойдық-ау (Ғ.Сланов, Замана.). 5. Өнер таластыру, өнерімен, ақылымен т.б. күш сынасу, айтысу. Кеңесте бұлардың дауласуы, жарысып ой жүгіртулері көп болатын (М.Әуезов, Абай). Күйшілер бір-бірімен жарысады, Күйлерден еседі елдің намыс, ары. Бір кезде құйылады Жидебайға Тамылжып Татьянаның таныс әні (С.Мәуленов, Алыс кет.). Өлеңге сен ешкімнен қалыспассың, Менімен топқа түсіп жарыспассың, Ширектен құралған соң кез болатын, Теңеліп кез болдым деп алыспассың (Шал ақын, Өлеңд.). Ішкі жау сыртқы жаумен алысқаны, Ғашығы, дос-дұшпаны таныс бәрі. Шіркін-ай, ғаламат қой әлі күнге Бір өзі барша ақынмен жарысқаны (К.Салықов, Жезкиік). 6. с о в е т. Еңбек өнімділігін арттыру үшін, еңбекте озат атану үшін, жоспарды орындау үшін күресу, өзара күш сынасу. Аудан мен аудан жарысады, аудан ішінде колхоз бен колхоз үзеңгі қағысып, үздік-создық келе жатады (М.Әуезов, Алғы шепте.). ...Екеуі колхоз шаруашылығының негізгі екі саласын басқарып, бірімен-бірі жарысып жүр (Ж.Тілеков, Шалғай шепте). 7. Қатарласып қалыспау, қабаттасу. Самарқанның шығып оқшау иығы, Жарысады мұнаралар биігі. Көк тастарды тесіп өткен тамшы жас – Науаидың қасіреті мен күйігі (С.Мәуленов, Алыс кет.). Шұбалтып шаңмен жолдарды, Жаңғыртам бүкіл жазды әнмен. Жалынан сипап жорғамды, Жарысам ұшқан қаздармен (С.Мәуленов, Алыс кет.). Өмір мынау, сенім, күдік алма-кезек жарысқан, Егер сенім семсер болса, күдік деген арыстан (М.Шаханов, Ғасырлар.). Қырман басында Сұлтекең алаңдап отыр екен. Бұлар көрген-білгенін жарыса баяндап шықты (Ж.Молдағалиев, Ескі дос). Бәрі жағалай жайғасып, жан-жақтан қаумалай қоршап, жарыса сөйлеп жатыр (Б.Тілегенов, Аққайнар).