зат есім. 1. Жиһаз, үй мүлкі. Он үлкен үйді осы бүгіннен қалдырмай әкелуді міндетіне алады. Сол үйлерге арналған ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ – баршасы үйлермен бірге келеді (М.Әуезов, Абай Жолы). 2. этнографиялық. Ұзатылатын қызға ата-анасы дайындайтын дүние-мүлік. Марияның отауы мен қалған жасауын арттырып, Жәмила апарып, Мариямен жарасып, әбден кірсіз болып татуласты (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Жасауын жайнатып жиып, кілем, көрпе, төсеген, оюлы ақ отауға әкеп кіргізеді. Құрулы шымылдық ішіне бықырлаған қыз-келіншектердің ортасына Ақбілек отырады. “Келінді көреміз” деп үлкен қатындар келгенде, Ақбілек сызылып түрегеледі (Ж.Аймауытов, Шығ.). Ал, балапан, Алаңдама тарт алға! Асын ішсін Алаңдамай атаң да. Қасиетті бол, Әулетіңдей адал бол! Осы берер Жасауым да, батам да! Балам, сені осы көп Айтып жүр ғой жақсы деп, Мен өзім де ойламан Ақыл сенде тапшы деп (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Ер Төстікті күйеу қып Қоңырбай қызын ұзатты. Құда болып, дос болып, Ер Манасты сыйлапты. Жасауымен, тұлпармен, Тұйғынымен, сұңқармен, Отауын артып көп нармен, Қыздарын бұлар шығарды (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). 3. ауыспалы мағына. Байлық. Дүние тыныш еді “құлаққа ұрған”, Талықсып тал бойында шуақ тұнған. Табиғат сонда саған, раушанға, Барынша бар жасауын лақтырған (М.Мақатаев, Шығ.). Үлестіріп жасауын, енші беріп еліне, Жатыр әне сол дала тандырдай боп нан жапқан (М.Мақатаев, Шығ.).