Жасар

lat: Jasar

етістік. 1. Жастау болып көріну, ажарлану, әрлену. Қой көзі күлім қағады. Ақ сары жүзі жасарып, Алаулап опа жағады (Ж.Молдағалиев, Жесір). Жасарып бара жатқам жоқ, Қасарып бара жатырмын. Тұғырымды әлі тапқам жоқ, Тұйғындай бірақ батылмын (К.Салықов, Жезкиік). Әрі жыл сайын жасарып бара жатқаным жоқ, қартайып келем (Е.Домбаев, Таңд.). 2. ауыспалы мағына. Көгеру, көктеу. Жер жасарып қалыпты, Жаралғандай жаңадан. Әнді шырқап салыпты, Әлемдегі бар адам (C.Жиенбаев, Алтын қалам.). 3. ауыспалы мағына. Гүлденіп құлпыру, жаңарып өзгеру. Сырлы күйден бір танба, Өзің жазған өлеңдей. Жаз айында гүл жар да, Жасара бер емендей (С.Мәуленов, Алыс кет.). Жалын мен оттан жаралып, Жарқылдап Рағит жайды айдар. Жаңбыр жерге таралып. Жасарып шығып гүл жайнар (Абай, Тол. жин.). Қара ағаш, терек, емен де, мына топ қайың, Жасарып, жайнап кетеді әр көктем сайын. “Жүнісбай бағы” жүйріктен қалған бір белгі, Күндік бір жерден көрініп тұрады дәйім (Т.Молдағалиев, Шақырады.).