етістік. 1. Бір нәрсемен қақпайлап жасқандыру, бетін қайтару, тайсалдыру. Қара төбет екпіндеген бетімен жанында жасқап тұрған Құрмашқа қарамастан, келе Көксеректі бүйір жағынан келіп арс етіп қауып алды (М.Әуезов, Көксерек). Қамалап жүрген жұртты енді қасына жуытпауға тырысып, Ыдырыс қамшымен жасқап, кейбіреулерді қамшымен салып қалып та жүрді (С.Сейфуллин, Шығ.). Шақырмайды қол бұлғап үнемі асқар, Бірде қостар тіршілік бірде жасқар. Сені жақсы көргенді сен жақсы көр, Сонда өмірдің сәні де кіре бастар (Т.Молдағалиев, Шақырады.). 2. ауыспалы мағына. Сөзбен ықтыру, беттетпей тыйып тастау. Тентекті жасқап қақпадың, Өсекшіні мақтадың (Дулат Бабатайұлы, Замана.). Қай баланы беделіммен жасқаппын, Қай баланы назардан тыс тастаппын? (Ж.Жұматаев, Ләйлә). Өзімшіл жан — қызғанышқа баспана. Бойыңдағы әділдікті жасқама! Мақтанасың жақсыңды айтып өзіңнің, Сол жақсылық бітпеген бе басқаға?! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан). Кім сүймес, көгергенді, көктегенді, Кім қалар жасқағанды, шектегенді. Жеткеннің аяғынан шала көрме, Жеткізем деп ойлаған жетпегенді (Т.Молдағалиев, Шақырады.).