Жастық

lat: Jastyq

зат есім. 1. Ішіне құс жүнін толтырып, сыртын тыстап, жатқанда басын қойып жату үшін яки жантайғанда шынтақ астына қою үшін жасалған бұйым. Бірінші күн өткен соң, Кетті сабақ басталып, Тік отыру, жастық жоқ Жататұғын жастанып (О.Шипин, Дастан.). Адыр-адыр жондарда айғыз-айғыз жол жатыр, Жақпар-жақпар жартастар атылардай зорға тұр! Жастығын шынтақтап, теріс қарап қисайып, Ұлы тау да ұрыға қарамайтын болды ақыр (М.Мақатаев, Шығ.). Жанында тұрған байланысшы жауынгер оның басына жастық орнына өзінің противогазын қоя қояды (Б.Момышұлы, Москва.). 2. Салт мінгенде ердің үстіне салынатын жұмсақ төсеніш, аткөпшік. Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер, Қанжығамда байлаулы жіптен шідер. Жарғақ жастық “көпшігім” жезді пыстан, Бір келісті сайманым топқа мінер (Абай, Тол. жин.). 3. Жастықағаш, басқа жастану үшін қолданатын ағаш бұйым. Болады тас шымылдық, шалғын төсек, Басына жастық табар томардан да. Жасырып сұқ көздерден кәрі ызғарлы, Қойнына паналатар шоқ орман да (Ә.Найманбаев, Шығ.).