Жасырын

lat: Jasyryn

сын есім. 1. Жария, ашық емес, құпия; әйгілемей, ешкімге білдірмей, сездірмей. Айдай бер қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты шуылдаған (А.Байтұрсынов, Шығ.). Осы түн ел әбден ұйықтаған кезде Абай мен Ербол үй тонайтын ұрыларша жасырын бұғып, ептеп басып кеп Асылбек отауының есігіне жетті (М.Әуезов, Абай). Жасырын халықтың еткен ғамалы жоқ, Әркімнің болған халі жариялы (Кердері Әбубәкір, Қазағым). Бекболатсың досыңыз қимайтұғын, Әр жерде басын алаш сыйлайтұғын, Тамтығын Әліп мырза жиып апты, Жасырын жауап емес ұрлайтұғын (Ә.Найманбаев, Шығ.). 2. Қалтарысы бар, көзден таса. Жеңгесі тыста тұрып сөйлеседі, Жасырын үйдің арты жар болған соң. Отырып қалқажанды біраз күттім, Қарамай қайта кету ар болған соң (Ә.Найманбаев, Шығ.). Жылқы жатқан жер адырлы қабаты көп, жасырыны мол жер болатын (М.Әуезов, Қараш.). Жария етпес жан сырын Таптырмас бір тасадай. Жалғыз өзі жасырын Жар күтеді жас Абай (С.Мәуленов, Алыс кет.).