Жат

lat: Jat

етістік. 1. Адамның, жан-жануардың жерге не бір заттың үстіне шалқасынан, етпетінен, қырынан қисайып, сұлап, дененің көлденең қалыпта болуы. Ауыздығы қаршылдап, Шапса тасты қабатын. Төстен қашқан түлкіні Төрт аттатпай соғатын. Тіл біледі Шалқұйрық Жат десе жата қалатын (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Жүректен от, жүзінен әр тайғанда, Әр тайғанда, шалқары ортайғанда, Ол қақпасқа не керек, Құдайым-ау, Тыныштық қып жатпай ма қартайғанда? (М.Шаханов, Ғасырлар.). Жұтыңдаршы нұрлы ауаны, Жүрмеңдерші қапаланып. Сүйіңдерші бұл даланы Кеуде төсеп жата қалып (С.Мәуленов, Алыс кет.). 2. Түнгі не күндізгі ұйқыға кірісу. Аздан соң жататын мезгіл болып, қонақтың бәрі тысқа шықты (М.Әуезов, Қараш.). Түніменен күзетіп, Таң атуға жақын деп, Жаңа ғана ол жатты (О.Шипин, Дастан.). Қашан атқа мінгенше, Қалмады еш сабырым. Қойдың алып күземін, Жадағай ел жатқанда, Ай бата біздер аттандық, Қоржынды салып аттарға (О.Шипин, Дастан.). 3. Белгілі бір жерде бір нәрсенің бар болуы. Атқа міндік аздан соң, Алыста жатыр арманым. «Сауысқаннан сақ бол» деп, Ақыл айтты алғаным (О.Шипин, Дастан.). Тай қандай, құлын қандай, дөнен қандай, Шерленіп іште жатқан шемен қандай (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Қанында поэзия жоқ қулар топ құрды батыл Безбүйректікті жек көре алмауда сатқындық жатыр (М.Шаханов, Ғасырлар.). Бидай жатыр жел шайқап, Сүтке бөгіп тырсиып. Аспан мен жер кең байтақ Бір қауызға тұр сыйып (С.Мәуленов, Алыс кет.). 4. Бір нәрсеге қатысты, тиісті болу. Түрмеге батыр жатқан соң, Баймағамбет қуанып, Күйеу боп барды тағы да Зылиқаны алғалы. Амангелді жатқан соң, Түрмеден дәмді татқан соң, Жауыздың бітті арманы (О.Шипин, Дастан.). Есің кетсе, естіге кіріптарсың, Ең бастысын ұмытқансың, деп Шыңғыс хан ызбарлана тіл қатты, Әр сөзінде атан түйе қайысардай зіл жатты (М.Шаханов, Ғасырлар.). Құда болып жатырмыз құда үйінде, Мұңдыға да ұқсаймыз мүләйімге. Дастарқанға бата бер десе құда, Қарсыласпай қаламын жылайын деп (Т.Молдағалиев, Шақырады.). 5. Күрделі сөз құрамында жұмсалып, қимылдың нақ осы шақта өтіп жатқаны туралы қосымша мағына үстейтін көмекші етістік. Суы жоқ жапан шөлдерде Керуендей көшкен үдердім. Талайын жақтым жапанда, Құлап жатқан жігердің (О.Шипин, Дастан.). Өртейді жарақатты жанды күйік, Өмірдің тартқандай бір алды тұйық. Шілдеде семген гүлге су сепкендей, Жалма-жан жатты дәрігер қанды құйып (С.Мәуленов, Алыс кет.). Көрініп тұр шіркеулер күмбез алтыны, Шартараптың естілер тыныс-қарқыны. Шашырап жатыр түнгі салют оттары Аққулардың қанатындай жарқылы (К.Салықов, Жезкиік). Деп ем мен бұдан жиырма жылдай бұрын, Жалтылдап тұрған шақта туды-ай жырым, Басылып бара жатыр бірте-бірте Бұл күнде сондай арқа, сондай жыным ( Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).