Жатыр

lat: Jatyr

адамда жəне жануарларда жұмыртқалардың немесе ұрықтардың орналасатын қап немесе түтік тəрізді аналық жыныс жүйесінің мүшесі. Негізінен жатырда қорекпен жəне газ алмасумен қамтамасыз ететілетін ұрық дамиды. Омыртқасыздарда жатыр деп бірбіріне гомологты емес мүшелер аталады. Сол сияқты трематодта жəне таспа құрттарда жатыр жұмыртқаға толы, оотип пен жыныс клоакасын байланыстыратын біршама ұзын, ал скребни аналықтарында дене қуысынан жетілген, жұмыртқаны бөліп шығаратын қоңырау тəрізді канал. Тірі туатын онихофорда жатыр қызметін нефриди атқарады. Омыртқалылардың ішінде жатыр тек қана тірі туатын: акула тəрізділер, кейбір сүйекті балықтар, біршама қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар жəне сүтқоректілер түрлерінде болады. Жатырда дамып жатқан ұрықтың ана организммен физиологиялық байланысы плацента арқылы жүреді. Сүтқоректілерде жатырдың қабырғасы күшті бұлшық еттен тұрады жəне қанмен жақсы қамтамасыз етіледі. Сүтқоректілердің жатыры жатыр түтігінен пайда болған алғашқы жұп мүше. Клоакалалыларда жұп жатыр түтігі клоакаға ашылатын екі жатырмен жалғасады. Қалталыларда көбінесе жұп жатыр түтігі, екі жатыр жəне екі қынап болады. Кейбір қалталыларда екі қынап бір қынапқа қосылады. Плаценталыларда бір қынап болады, бірақ кейде екі жатыр екі тесігімен қынапқа (құмырсқа көректілер, піл, кейбір кеміргіштер жəне т. б.) ашылады. Екі бөлікті жатырда оң жəне сол жақ жатырдан соңғы ұштары қосылып ортақ тесік ретінде (кеміргіштер, кейбір жыртқыштар, шошқалар) қынапқа ашылады, ал басқа жағдайда өзінің ұзындығының жартысына дейін қосылады (жəндік қоректілер, жыртқыштар, тұяқтылар, киттер). Қолқанаттылар мен приматтарда екі жатырда бір жай жатырға бірігеді. Əйелдерде жатыр қуық жəне тік ішек арасында, жамбас қуысында орналасқан. Тумаған əйелдерде массасы 40-50 г жəне көп туған əйелдерде 90-100 г. Жатырдың төменгі тарылған соңы (мойын) қынаппен қоршалған. Жатыр іші жатыр түтігіне (жұмыртқа жолы) алып келетін жоғары екі тесікті үшбұрыш пішінді қуыс. Жатыр қуысы өзінің сыртқы тесігімен қынапқа ашылатын (жатырлы жұтқыншақ) мойын каналымен жалғасады. Шырышты қабаты цилиндрлі кірпікшелі эпителийден тұрады, көптеген бездермен қамтылған жəне менструальді цикліне байланысты өзгеруге қабілетті.