Жеке

lat: Jeke

сын есім. 1. Дербес, өз алдына; бөлек. Есімізде болу керек, бүгінге шейін мысал үшін жеке адамның (керт басының) қылығын алып келдік (Ж.Аймауытов, Шығ.). Жайларың, жеке қоныс құтты болсын, Өріске мал, қоймаңа алтын толсын. Көшелерің көркейіп, көркемденіп, Саясына, сандуғаш бұлбұл қонсын (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Адамның денесінде беті қызық: Бар жанды сапқа түгел қойсаң тізіп. Біріне дәл ұқсайтын біреуі жоқ, Әлдекім жасағандай жеке сызып (С.Мұқанов, Шыңнан шыңға). Баяғы басын жұтты жеке арманы, Қазақты енді бүтін ете алмады. Адасты Азаттықтың ақырғы ұлы, Қазаға қайдан қырсық жер таңдады?! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). 2. Өзіндік, өзіне тән. Тек дәрігер ғана ауру адамды жан-жақты тексергеннен кейін организмнің жеке ерекшелігіне белгіленеді (С.Сұбханбердин, Өсімдік дәрі.). 3. Оңаша. Жақында Жарман екеуміз жеке отырып кеңескен болдық (М.Дүзенов, Ақәже). Қалпынан жеке отырған қауіптеніп, Қайтайын деп ойладым барып көріп. Қойнында немересі, домбырасы, Қария тас үстінде қалыпты өліп (С.Мәуленов, Алыс кет.). Дүзді жеке кезуді. Қаладым мен таңертең. Жетектеді өзімді Жырым менің жан еркем (Қ.Бекхожин, Ардагер). 4. Дара, жалғыз. Қаракөк үш жүз аттан жеке келіп, Отырды жолаушылар көңілі тынып (Батырлар жыры). Атадан алтау тусақ та, Қалыппын ұлдан жеке боп (А.Тоқмағамбетов, Өмір.). Қарт айтты: Балам, жеке жүрме, деді, Көбіне, әсіресе, түнде, деді. Бұл иттің ұры-қары жолдасы көп, Ағашқа я қамысқа кірме, деді (О.Шипин, Дастан.). Дариялардың таситын шағы ма бұл!.. Жеке қалсаң, кештетіп кел біреумен. Астан-кестен болайын тағы да бір, Жалғыз тамшы жанарда мөлдіреумен (Т.Айбергенов, Мен саған.).