етістік. 1. Енесінің төлінен безуі, емізбей қашқалақтауы. Төлінен ж е р і г е н қойды қайтерсіз, бәрінен қиыны – осы (Дала шұғыла.). Сол жылы бірінен кейін бірі бес-алты саулық өз төлінен өзі ж е р і п қозыларын алмай қойды (Е.Домбаев, Жаман Жәутік). Кейбір саулықтар қозысының үсті құрғатылмаса немесе емшегі іссе төлінен ж е р і п кетеді (Абзал жандар.). Шамасы әлгі қашқан киік осылардың енесі болса керек. Енді ол лақтарынан ж е р і п жүр («Қаз. әдеб.»). 2. ауыспалы мағына. Бір нәрседен жирену, безу, қашақтау. – Сіздің де осы базардан ж е р і р кезіңіз келді енді, – деді ол (А.Байтанаев, Қайнар.). Ондайда адам астаудан ж е р і г е н аттай пысқырынып, өзінен жиіркеніп, тыжырына береді (Т.Ахтанов, Дала сыры). Жас өмір, саған өкпем жоқ. Көктем боп тұрдың сан жылдар. Жеткенде ж е р і п кеткем жоқ, Өктем боп талай тағдырлар (М.Мақатаев, Шығ.). Ол өзінің күнәкар денесін қандай жек көріп алса, мынау тіршіліктен де соншалықты ж е р і п біткен-ді (Ә.Кекілбаев, Бір уыс.). 3. ауыспалы мағына. Жалығу, безер болу. Жаз шықса болды қаланың капырық ауасынан ж е р і г е н халық осы көлге ағылады (С.Шаймерденов, Өмір.). 4. ауыспалы мағына. Жерге қарау, ұялу. Шал байғұс әлденеден ж е р і п отыр, Тұра сап қашқысы да келіп отыр. Баламен байлап қойып, қарсы алдында, Қос таңын жарқыратып келіні отыр (Ж.Молдағалиев, Шығ.).