Өлім-жітім қос сөзі қазақ тілінде «шығын, қаза» мағынасында қолданылады да, оның екінші сыңары жітім жеке-дара айтылмайды. Бірақ бұл — туыстас тілдердің біразында қолданылып жүрген сөз. Мысалы, хакас тілінде чідіг, чідіргені — шығындану, тува тілінде чидириг — шығын, чидирер, чидер — жоғалту, айрылу, ұйғыр тілінде жұтмәк (кейде ауызекі тілде үштмәк) — жоғалу. Осы келтірілген «жоғалу » мағынасындағы сөздердің бәрінің де түбірі — чіт//чид-//жұт-//үшт- (метатеза ж~ү, ү-ш) деген етістік. Қазақ тіліндегі жітім осы түбір етістіктің жіт вариантына -ім жұрнағы жалғануы арқылы жасалған болуы тиіс (салыстыр: өл-ім, бөл-ім). Бірақ жітім сөзі өзінің «жоғалу, айрылу, шығынға ұшырау» сияқты негізгі мағыналары арқылы өлім сөзімен жақындасып, қос сөз құрамына енгеннен кейінгі жерде қолданылудан шығып қалған болуы керек. Сондықтан да бұл сөздің мағынасы қазір бізге түсініксіз; оны тек туыстас тілдерде сақталған тұлғалас, түбірлес сөздермен осылай салыстыру арқылы ғана анықтауға болады. Ұйғыр, өзбек, азербайжан т. б. тілдерде жуда, жудо деген сөз бар. Бұл сөздер де «айрылу, жоғалту» деген мағынаны білдіреді. Бірақ бұл иран тілдерінен енген сөз. Сондықтан оны жоғарыдағы түркі тілдердің өздеріне тән етістік түбірімен (жұт-//жіт-//чит-//чіт-) шатастыруға болмайды. (Ә. Қайд.)