етістік. 1. Іздеу, аңсау, жылау, сағыну. Түйе деген жануар баласын адамнан артық ж о қ т а й д ы (Т.Ахтанов, Дала.). Ұзақ уақытқа жолға шығушы не жер аударылғандар да туған жерін ж о қ т а й д ы (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Ақбаланың емшектегі баласы анасының жоғын сезіп, түні бойы ж о қ т а п шықты (С.Омаров, Дала.). 2. этнографиялық. Қайтыс болған адамды ойлап аза тұту, қара жамылу. Күйеуін бір жыл ж о қ т а п, қара жамылып отырған оған қайын жұрттан ешкім барып ештеңе айта алмап еді (М.Дүйсенов, Мейман.). 3. этнографиялық. Қайтыс болған кісіні өлеңге қосып жылау, зарлау; жоқтау айту. Аңыз, ертегілерде қадірлі бір адам өлсе «қолымнан жібек баулы сұңқар ұшты» деп ж о қт а ғ а н (Ш.Айманов, Қыран.). 4. Іздеу, сұрау салу. Кузьменко кеңсеге келгенде секретарь әйел қарсы жолығып, майордың іздеп, ж о қт а п жатқанын айтты (К.Тоқаев, Тасқын). Кешкі жұмыстан қайтқан Мұқан келісімен әдетінен жаңылған ақ мысықты ж о қ т а д ы (Бәйшешек). Сырғасын көп ұзамай Бикеш ж о қ т а п, Шалғынға соға берді айналсоқтап, Тілламен ұшты болған ісі болмай, Орманда жүре берді екі ат оттап (Т.Әлімқұлов, Боз жорға). 5. ауыспалы мағына. Аңсау, армандау, көксеу. Абай екінші Россияның зор ағартушылық, және әлемдік қасиеті бар терең ғылымын ж о қ т а й д ы (М.Әуезов, Әр жыл.). Со бір түні талай жүрек тоқтады, Талай жүрек махаббатын ж о қ т а д ы. Халық, өзен қапы қалып күрсінді, Тоқтап қалды бірер сәтке ақпады (Т.Молдағалиев, Алатау.). Ол бұтақтан қозғалмас, Өкіріп дауыл соқса жел. Өзгеге бола жырламас, Ыстық күнді ж о қ т а р ол (Абай, Тол. жин.). Сонда көңлім ж о қ т а й д ы Татуы мен асығын (Абай, Тол. жин.).