Жорға

lat: Jorǵa

зат есім. Жылқының төрт аяғын тең салып, ырғатыла, тайпала, теңселе, тербете жүйткіген адамға жайлы майда жүрістісі, шабыстысы. Шаруа қатты қуанып, жоғары елге ж о р ғ а бие, төменгі елге төбел бие сойып, шақырып той қылады (Ж.Аймауытов, Шығ.). Әуелден ақылы аз болғаннан соң, Алмайды ит тіліңді жолға айдасаң. Боласың бір күн кедей, бағың тайса, Күнінде мың-миллион ж о р ғ а айдасаң (Ақмолла ақын, Күндер.). Басы ауырмағанның Тәңірімен ісі жоқ дегендей, Шыңғыстың өз атының ж о р ғ а с ы жайлы болған соң, қасындағы қарашының қай күйіне күйзеледі (С.Бегалин, Бала Шоқан). Хасен дәл осы кезде көк ж о р ғ а с ы н жетектеп, терезе алдынан өтіп бара жатқан Әкпарды көрді (I.Есенберлин, Қатерлі.). // Бір нәрсеге жүйрік, жетік, шебер. Мұндай шақтарда кезек күтіп телмірмей өз қажетін кесе, соға сұрап алып үйренген ж о р ғ а Өтеуәлі танауын қожырайта күлімдеп, ең алда тұрған қартаң кісіге таяна берді (С.Бегалин, Уақыт.). Ойпырмай, мұндай іске әбден ж о р ғ а болып алған екенсің, жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой (I.Есенберлин, Қаһар). Ж о рғ а ң м ы н ұзақ жолда байпаңдайтын, Салсаң да ойғаырға тайпалмайтын. Жұмсасаң бас тартпайтын мен балаңмын, Сөзіңді екі етпейтін, қайтармайтын (О.Малқаров, Менің ізім). // Сөзге шешен, майталман. Оқыған ғибрат алып жас жігіттер Һаммәсі өз халқына хызмет еткей. Оралдан Әбубәкір молла шықты, Омбыдан Қыпшақбайдай ж о р ғ а шықты (М.Дулатов, Шығ.). Жұмабике сөзге дегенде әйелдің ж о р ғ а с ы құйқылжыған (Р.Әутәліпов, Қыр әңгім.). Көсіліп сөйлеп дағдыланбағандығы да сезіліп тұрды. Сөзге де аса ұста    ж о р ғ а емес (Ә.Қалмырзаев, Ар).