Жоспар

lat: Jospar

зат есім. 1. Бір күнде немесе бір апта, бір жылда жасалатын жұмыстардың жобаланған тәртібі, реті. Рабиға мен Жақып істейтін жұмыстарына бірден ж о с п а р жасады (Б.Майлин, Шығ.). Мәлік демалып жатқан кезде, Раушан ыдыс-аяғын жинады да, есікті білдірей жауып, кеңсесіне барды да, көктемгі егістің ж о с п а р ы н а үңілді (З.Шашкин, Сенім). 2. <латын тілі. planus> Белгілі бір жұмыстың алдын ала жасалған жобасы. Әрбір ақын-жазушының өзіндік ізденулері, өзіндік творчестволық ж о сп а р л а р ы болады (Е.Ысмайылов, Сын.). Бір кезде Шығыс Қазақстан өлкесін үлкен баз етеміз деп көлемді ж о с п а р жобалап жүрген Әбдіжан ол ойдан оралып, мына баздағы малдың болашағы жайына көшті (С.Бегалин, Уақыт.). Өндірістік ж о с п а р белгіленіп, күнделік норма тағайындалды (С.Бегалин, Мектеп). 3. экономикалық. Мақсаты, мазмұны, көлемі, әдістері мен құралдары, орындалу мерзімі көрсетіліп, нақты кезеңге межеленген шараларды жүзеге асырудың белгіленген тәртібі мен реті. Ж о сп а р мемлекеттік ауқымда, жеке өндірістік салалар, аймақтар, кәсіпорындар мен фирмалар деңгейінде жасалады (ҚҰЭ). 4. с ә у л е т. Архитектуралық құрылыс ғимараттарының немесе адамдар қоныстанатын мекендердің төбесінен қарағандағы көрінісінің белгілі бір масштаб бойынша қағаз бетіне түсірілген сызбасы не макет түріндегі көрінісі. Мұндай ж о с п а р   д а салынбақшы құрылыстың жалпы аумағы мен әрбір бөлмелерінің ауданы, негізгі қабырғалары, терезе мен есік орнатылатын қуыстары, пеші, су құбыры, басқышы, санитарлық және техникалық қондырғылары, кей жағдайда архитектуралық бөлшектеріне дейін көрсетіледі (ҚҰЭ). Егер ғимарат көп қабатты болған жағдайда әрбір қабатқа жеке ж о с п а р жасалады, үй төбесін жабу күрделі болған кезде оның арнайы ж о с п а р ы құрылады (ҚҰЭ). Қазіргі ою, кестелерден, кілем бетіндегі оюлардан еліміздің картасын алып, құрылыстардың бейнесін, перспективалы ж о сп а р л а р д ы ң диаграммаларын, космостық ракеталарды және т.б.. суреттерді көруге болады (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері). 5. педагогикалық. Күнтізбелік жоспар. Сырттанбай сабаққа конспект жазып, ж о с п а р жасап көрген жан емес тәжірибеге сенеді. “Бастауыш класта отыз жыл бойы сабақ беріп келем, мен сияқты майталманға конспект не керек” дейді ол (З.Ақышев, Достарым менің.).