Жұлдыз туралы мифтік түсінік

lat: Juldyz týraly mıftik túsinik

Қазақтың жұлдыз туралы мифтік аңыздарында көшпелі өмірдің төлтума сипаттары көрініс тапқан. Ұдайы қозғалыста болатын жұлдыздар сайын далада көшіп-қонып жүрген жұрттың «малы мен басы (адамы)» деп саналады. Жұлдыздардың өзара орналасуы мен қозғалысы антропоморфтық принцип бойынша түсіндірілді.                                                                              Аспан көгіндегі шоғырланып жүретін Үркер жұлдызы бір топ қыздарға теңелсе, Қырлыжігіт жұлдызы оларға ғашық жігіт екен деседі. Оны Жетіқарақшы тобының ұрылары торуылдайды. Аспанның тап ортасына саналатын Темірқазықтан алыстап та, жақындап та кетпейтін екі жұлдыз қазыққа арқандалған – Ақбозат пен Көкбозат. «Көктің кіндігі» деп санаған жалқы, үлкен өткір жұлдыз – Темірқазық жылдың қай мезгілінде болсын терістік жақта тұрады.                                                                                                                                                        Бағзы бір заманда ай мен күндей әппен бірдей Үлпілдек атты сұлу қыз болған екен дейді. Үлпілдек десе үлпілдек оған ғашық болмаған жігіт қалмапты бұл елде. Бірақ, Үлпілдек қыз қолжетерлік болмапты. Күндердің бір күнінде әлгі ару қызға жеті қарақшының басшысы Қыранқарақшы бір көргенде-ақ өлердей ғашық болыпты. Қыз азар да безер болып, бойын аулақ ұстаған екен. Қыранқарақшының арам ойын сезіп, Үлпілдек қыз сұлу сары атына мініп алып, жөнеп беріпті. Қыранқарақшы серіктерімен қуған екен, желдей ескен сұлу сары атқа мінген қыз жеткізбепті. Әне-міне жетем дегенде сұлу сары атқа мінген Үлпілдек қыз аққан жұлдыздай көзден ғайып болып кетеді екен. Пұшайман болған Қыранқарақшы сұлу қызды қалайда қолға түсіруді ойлап, өзіне лайықты қарға жүнді қара ат іздеген екен деседі. Сөйтіп, күндердің күнінде Қыранқарақшы көршіелде Ығай мен Сығай атты елден ерек ағайынды батыр жігіттердің қуса жететін, қашса ұстатпайтын қос қолтығында қанаттары бар Ақбозат және Көкбозат атты тұлпарлары бар екендігін естиді. Сөйтіп, әлгі тұлпарларды жеті қарақшы серіктерімен бірге қолға түсірейін десе, олар Темірқазыққа арқанмен мықтап бекітілген екен. Күзетшісі де осал емес. Әсіресе, Ығай мен Сығай сынды ерен батырлардың сақтығы соншалықты, Қыранқарақшы мен оның серіктері Ақбозат пен Көкбозатқа қолы жете алмай әлі күнге дейін тұлпарларды айналшақтап жүреді екен деседі.                                                            Ана тілімізде ел-жұртқа ерекше сыйлы игі жақсыларды ығай мен сығайлар деп атау әлгі ерен батырлардың есімдерін құрметтеуден қалған екен.                                                                    Екі атты қолға түсіру үшін әрекет етіп жүрген Жетіқарақшы жеті ұрының жұлдызға айналған рухы дейді. Олар күні бойы ұрлық жасайды да, түн бола өздерінің күндізгі жасаған күнәларына қайғырады. Топ жұлдыздың алдындағы төртеуі бастаушылары , ал артындағы тізіліп тұрғандары – қарақшылардың қостаушылары немесе құйыршықтары. Этноастроном Х.Әбішев жазып алған мифтік аңызда Жетіқарақшыдан қашқан Үркер жылына қырық күн жерге «түсіп», қонақ болып, бір қойдың етін жейді екен деседі.                                                    Жетіқарақшы келіп шапқанда үркіп барып, ортасындағы қызын қорғауға бір жерге ұйлығысып қалған жұлдыз. Үркер әу баста он екі жұлдыздан құралған екен. Оның алтауы сиыр тұяғының арасынан аспанға шығып кеткен екен дейді қазақ мифінде (сонан сиыр айыр тұяқты болыпты-мыс).                                                                                                                            Жоғарыда Темірқазық, онан төмендегі Жетіқарақшы, бүйірдегі Босаға аталатын жұлдыз арасындағы үлкен бос кеңістік бар. Ондағы сансыз ұсақ жұлдыз шоғыры көзі қырағы жұлдызшы ғана байқайды. Жетіқарақшыны алыстан қорғаштап жүрген Қырыққарақшы деп түсіндіреді.                                                                                                                                            Қазақ Шолпанды «жұлдыздың серкесіне» балаған. Ол аспан көгінде таң алдында оқшауланып жарқырап туады. Оның көзге көрінер пішіні айдың қияғына ұқсайтындығына байланысты «Шолпан – айдың қызы, Үркер – айдың ұлы» деген теңеу қалыптасқан.                                                                                                                                                                        Ғылымда Орион деп аталатын бір топ жұлдыздың орналасуы мен олардың сипатын дәстүрлі аңшылықпен байланыстыра түсіндіреді. Бұл жұлдыздар құрамындағы Үлкен таразы – мергеннің белдігі, ал кішкене Шайтан таразы – кісе белдікке ілінген қындағы қанжарға теңеледі. Шұбатылған үш ірі жұлдызды аңшы нысанаға алып тұрған үш арқар дейді. Оның бүйір тұсындағы ұсақ жұлдыз арқарларды атқалы кезеніп тұрған Көгелдай мергеннің құрулы мылтығы , ал оң жағындағы көкшілін Көгелдай мергеннің көк шақпағы, бүйіріне қарай тұрған қызғылт жұлдызды Мергеннің оғы деп түсіндіреді. Үш арқарды кезенген мерген Текесүмбіле жұлдызының жарығына сүйеніп тұрып атыпты дейді. Арқарды атуға Сұрмергеннің аңсары ауады. Бірақ ол күзетте тұрған құлжаны атуға батпайды. Себебі, бұл – қазақ аңшыларының арасында ежелден қалыптасқан этикет.