Жұмыс

lat: Jumys

зат есім. 1. Жеке адамның не көпшіліктің белгілі мақсатта еткен еңбегі, әрекеті. Жұмыла қимылдаған жұртшылық күн қызғанша ж ұ м ы с т ы еңсеріп-ақ жіберді (С.Бегалин, Ана.). Орынды іске жүріп ой таппаған, Не болмаса ж ұ м ы с қып мал таппаған, Қасиетті болмайды ондай жігіт, Әншейін құр бекерге бұлғақтаған (Абай, Тол. жин.). Жан қиналмай ж ұ м ы с бітпес. Талап қылмай мұратқа жетпес (Мақал). 2. Іс, шаруа, жай. Екінді мен ақшам арасында не ж ұ м ы с (Ә.Сәрсенбаев, Толқында). Сол арада ж ұ м ы с ы бар, жоқ болса да тамашаға жүздей кісі жиналып қалған еді (М.Дулатов, Шығ.). Балам, қандай ж ұ м ы с п е н келдің, әңгімеңді айта отыр, деді шал («Лен. жас»). 3. физикалық. Күштің сан шамасы мен бағытына және оның түсу нүктесінің орын ауыстыруына тәуелді күш әсерінің өлшемі. Күштің ж ұ м ы с ы, ұғымы механикада, сондай-ақ физика мен техниканың әртүрлі саласында кеңінен қолданылады (ҚҰЭ).