Жылу

lat: Jylý

зат есім. Дәстүрлі қазақ қоғамында біреу шығынға, ауыр жағдайға ұшырағанда ел жиып беретін көмек, жәрдем. Ж ы л у жұт болып, малы қырылғанда, үй-жайы өртеніп, баспанасыз, киім-кешексіз қалғанда, шектен тыс қарыздар болғанда жеке адамға туған-туысқандары, көрші-қолаңдары, ауылдастары тарапынан көрсетіледі (ҚҰЭ). Бәрі де көп кедейдің мақұл деді, Әкеме бұл айтқаның ақыл деді. Бір қозы, бір-бір қойдан бермек болды, Болсын деп көмек, ж ы л у пақырға енді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Ата-ананы, жасы үлкенді сыйлау, елдік жақсы дәстүрлерді сақтау, ағайынның қазасына ат қойып еңірей келу, жұтап қалса ж ы л у жинап беру, жұмысы бітпей жатса жабылып көмектесіп кету нағыз адамшылық емес пе? (Ғ.Мұстафин, Көз көрген). Ол неме ана жылы дүкенде тұрып, ақша жеп, сотталып кете жаздағанда, осы ел  ж ы л у жинап беріп, әрең алып қалған (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті). Маған байлық керек емес, Өз байлығым өзімнің жүрегімде, Ж ы л у сұрап келгем жоқ бұл өңірге, Жоқ әлде бір үстемдік аңсаппын ба? (М.Шаханов, Ғасырлар.).