зат есім. 1. Өзен мен көлдің қыста қатпай жататын терең жері, иірім. Белгілі бір жерде жыл сайын қалыптасатын жылымды тұрақты ж ы л ы м деп атайды (Қаз. тілі. термин. Су.). Ж ы л ы м өзеннің ағысы күшті бөлігінде (көбінесе, су электр станцияларынан төменде), грунт сулары шығатын және кәсіпорындардың қалдық суы төгілетін жерлерде, өзендердің көлден ағып шығатын тұсында пайда болады (ҚҰЭ). Қабыршақ мұз тысыр-тысыр ете қалды да, кенет мұз ойылып кетті. Біз ж ы л ы м ғ а түсіп кеттік (Қ.Сәрсекеев, Кілт). – Мен, – деді Смайылды ж ы л ы м н а н алып шыққан жігіт (Т.Дәуренбеков, Біз. кездес.). Тандыр болған жылғадан Сарқырап тұрып су ақты. Өзен қып өрге ағызды, Жылжыған ж ы л ы м бұлақты (Дулат Бабатайұлы, Замана.). 2. ауыспалы мағына. Қу, сұм, сұмырай; пасық (адам). Қожамберді жым болды. Ж ы л ы м жігіт, жұрттың сыңайын байқап қойды (Б.Майлин, Шығ.). О, кәззәп, жемқор қожа, ж ы л ы м молда, Әзәзіл әптиектен көтерілген. Халықты өнер қуған ұлы жолда Қанша жыл тартып тұрдың етегінен? (Ғ.Жұмабаев, Жомарт.).