lat: Jyndy
сын есім. 1. Ақылы ауысқан, жарымес.
Болған соң уәделі күні, жаңбыр жауды,
Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды (Абай, Тол. жин.).
Ол заң қызметкерлері не сұраса, соның бәрін мойындап, басын изеп берді. Есі ауысқан жынды адам сөйтпегенде қайтушы еді?! (Ж.Алтайбаев, Сыпырғыш).
Жаз бойы масаға таланып Аққұдықта жынды адам отырмаса, сау адам отыра ма? (Б.Нұржекеев, Жау жағадан.).
2. ауыспалы мағына. Тентек, әумесер, есер.
Зейнеп Жақыптың мына сөздерін тыңдап отырып: – Есі кіріп қалған екен ғой бұл жындының! – деген ойда отырды (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).
Қап, мына жынды ит қайдан шыға қалып еді? Ал, сақ бол, Тайман (З.Қабдолов, Өмір ұшқ.).
Тәйт әрі, не деп тұр мына жынды қыз? (Д.Әбілев, Арман.).
3. ауыспалы мағына. Шәлкес, асау.
Шанаға жеккенім сыңар езу, жынды торы құнан (Е.Қонарбаев, Түнгі от.).
4. ауыспалы мағына. Құтырған, долы (жел, боран т.б.).
Азынайды жынды боран жұлқына,
Бұғалықтап шошынғандай бұлқына.
Ысқырып кеп, ышқынып кеп соқса да,
Батыр қолдар жібермейді ырқына (А.Хангелдин, Қыз жүрегі).