Жыр

lat: Jyr

зат есім. 1. Поэзиялық шығармалардың жалпылама атауы.

Арманым жоқ көкірегімді кең ашып,

Туған елге тарту етсем барымды.

Кең даланың кезіп еспе құмдарын,

Қыран болып қанат қақса жырларым (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Поэзия әсемдікті мүсіндеу. Ал әсемдік ізгіліктің қанаты. Жыр қадірін түсінбеу Гүл қадірін түсінбеуден әлдеқайда сорақы (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Қыстай қолы бос ауыл адамдары кешкісін осында жиналады. Айманкүл өзінің сандығындағы кітаптарын алып, түні бойы жыр оқиды (М.Дүйсенов, Мейман.).

Жоғалтпаңдар сенім гүлін,

Жырға жаның бөлеп өс.

Өз тілің бар сенің де, ұлым,

Өзге тілден кем емес (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

2. әдебиеттану. Өлеңмен баяндалатын, жырлап айтатын уақиғалы, көлемді поэзиялық шығарма (батырлар жыры, эпостық, ғашықтық жырлар).

Қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, тарихи жырлар, лиро-эпостық жырлар, жоқтаулар, жыраулар поэзиясы, толғаулар, термелер, т.б. түгел дерлік поэзияның осы өлшемдегі үлгісіне құрылған (ҚҰЭ).

Жырдың ұйқасы дара ұйқас (монорифма) және аралас ұйқас (полирифма) болып бөлінеді. Аралас ұйқас негізгі ұйқас пен қосымша ұйқастардан тұрады (ҚҰЭ).

Ыбырайдың шешесі ертегілер мен жырларды көп білген (М.Ақынжанов, Қаз. ағартушы.).

Жайшылықта, қыз ұзатқанда, кісі өлгенде айтылатын жырлардың бірде-бірін айтпады, тұтқиылда тығылып қалған жүрек қызыл тілге құшырын төге алмады, ішке толған қалың шер кернеп келген бұлақтай қатты ышқынған жас болып, ыршып-ыршып кетті (Ж.Аймауытов, Шығ.).

3. ауыспалы мағына. Ән, әуен.

Оянды бәрі біріндеп,

Біледі шырқар мезгілін,

Қанаты желге дірілдеп,

Аққулар айтты өз жырын (C. Жиенбаев, Алтын қалам.).

Мен анамды ұғындым деп мақтанам,

Тілін білдім, жырын білдім сақтаған.

Өз анасын сыйламаған пақырлар

Отанын да сыйлап көрген жоқ, балам (Т.Молдағалиев, Шақырады.).