lat: Jyra
зат есім. 1. Жаңбыр, қар суы жырып кеткен терең жер, сай-сала.
Алып қашқан бойда қар басқан бір жыраға жығылып, түйе мерт болған соң, Жұмабай оны қалқалап, жасырынып жата қойған (М.Қаратаев, Далада.).
Қар суы жырған шұрқ-шұрқ жыралар жиілепті. Тұман сейілген сияқты (Ғ.Сланов, Шалқар).
Екі дүние ерегісіп жатқанда,
Сұңқар құлап жартасқа,
Дауыл тұрған шақтарда,
Күшігендер аспанда,
Сай, жыраны паналап,
Жемтік іздеп баққанда,
Жұмыр жерді аралап кетті бір үн ғаламат (М.Мақатаев, Шығ.).
Жазықтың үстіндегі жер бедері жеті сақ: жылға мен жыра, төбе мен сай, еңіс пен тепсең, ойпаң мен қырат бір-бірімен қым-қиғаш ұштасып, қойындасып кеткен (Б.Нұржекеев, Жау жағадан.).
Төгіліп қара нөсер төбесінен
Жатса да, жаңылмаған ер есінен,
Тұтқиыл шабуыл мен қаша ұрысу –
даланың ой мен жыра, белесінен (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
Ақыл берген барлығы,
Тосыңдар деп Нұрадан.
Қуғыншы екен күтініп,
Алды ораған жырадан (О.Шипин, Дастан.).
2. географиялық. Маусымдық жауын-шашын суының әрекетінен қалыптасқан эрозиялық ойыстардың бір түрі.
Жыраның ұзындығы бірнеше км, ені мен тереңдігі ондаған м-дей болады (ҚҰЭ).
Жыра егістік жерлерді бүлдіріп, ауылшаруашылығына елеулі зиян келтіреді (ҚҰЭ).
Жыралар, әдетте, тез жуып-шайылатын шөгінді жыныстардағы мезгіл-мезгіл, кейде уақытша ағатын жаңбыр немесе еріген қар суы ағындарынан қалыптасады (Қаз. тілі. термин. Су.).