lat: Jyrtqysh
зат есім. 1. Өзге жан-жануарлардың етімен қоректенетін азулы аңдар мен тегеуірінді құстар.
Сондай-ақ “жыртқыш аңның, аю, қасқыр, арыстан, қабан етіне жерік болса, батыр ұл туады” деп жорамалдайды (Д.Қатран, Қазақ. ас-тағам.).
Наданды әркім жейді нандай илеп,
Жыртқыш ілген үйректей тірі жүндеп.
Өгей бала секілді тесік өкпе,
Жалғанда теңдік көрмей, жаны күймек (С.Торайғыров, Алаш ұраны).
От жанса өмір қанаттанады, шекілдеуік пісіреді, әрі су болған киімі кебеді, әрі жылынады. Және мына елсіз таудың жыртқыш аңдары, әсіресе, аю отқа жоламайды (С.Бегалин, Уақыт.). Бір аквариумда жыртқыш балықтар мен момын балықтарды бірге ұстауға болмайды (Т.Мұсақұлов, Аквариум.). Қазекең қарт кең даланың жыртқышынан сескенбейді. Аңға шықса болғаны оның қанжығасы бос келмейді (С.Оразаев, Дала.).
2. ауыспалы мағына. Қанішер, жауыз, кісі өлтіргіш.
Өлген жоқ жыртқыш тас бауыр,
Жасқанба, солдат, жасқанба!
Қалғансың тірі, қас жауың
Аяғыңды алып қашқанда,
Жасқанба, солдат, жасқанба! (М.Мақатаев, Шығ.).
Кіршіксіз боп мөлдірей жайнаған осындай бай, бақытты өлкесінің амандық, тыныштығына дақ салушы жыртқыштар Бекболдың иегінің астында, осы өңірге тығылып отыр (М.Әуезов, Шығ.).
Жыртқыш сенің сұрап жатпас жөніңді,
Жұмыры оның жұмыс істер өнімді…
Өтпейтұғын тырнақ, Тұмсық,
Тісің де Тасбақаның сауыты бар сенімді (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).