lat: KÁMELETKE TOLÝ
жасөспірімнің белгілі бір жасқа жетіп, қоғам алдында өз ісіне жауап бере алатын, қоғамдық өмірге араласа алатын шағы. Ұл мен қыздың бойы өсіп, бұғанасы қатқан, ақыл-ойы мен рухани-моральдік жағынан жетілген, өз ақылымен шешім қабылдап өмір сүретін, өзінің іс-әрекетіне, жасаған қылмысына толық жауап бере алатын, заңды некеге тұруға жеткен шағын кәмелеттік жас, кәмелеттік шақ деп атайды. Кәмелеттік жас туралы қазақ тұрмысында ислам діні енген кезеңге дейін және ислам дінімен байланысты, сонымен бірге еуропалықтар әсерінен қалыптасқан өлшемдер бар. Қазақтың байырғы тұрмысында кәмелетке толу кәмелеттік жас туралы он үш, он бес, он алты, он сегіз тіпті жиырма бес жас аталады. Мәселен, Шал ақын: Жиырма бес – кәмелетке келген жасым, Қырықта қынсыз қылыш болған басым. Елуде екі көзің елең етер, Алпыста ақ сақалды шал боласың , – дейді. Ал қазақтың мифтік әңгімелерінде қыздың кәмелетке толу – он сегіз жас. Қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілігі жөніндегі деректерде ұлдың он үш , кей жерде ұлдың да, қыздың да он бес жасқа жетуі кәмелетке толу деп саналған. Он бесте немесе он үште отау иесі деген сөз осыған байланысты шыққан. Кәмелетке толған бала өз алдына шаруашылықпен айналыса бастайды. Кәмелет жасқа толмаған баланың өзіне бөлінген еншіге иелік етуіне, оны өз еркінше пайдалануына, сатып алуға, сатуға немесе қарыз алып, қарыз беруге құқығы жоқ. Көп жағдайда ұл мен қыздың он бес жасқа толуы кәмелетке толған болып есептелген. Егер әкесі қайтыс болып, анасымен қалған бала шаруаға икемді, пысық болса, оған қамқоршы жалдамаған. Әдетте, кәмелеттік жасқа жеткен адам балалық шақтағыдай албырттық пен қызығушылыққа бой ұра бермей, салмақты бола түседі. Бұл шақта адам мақсатына жетуге мүмкіндігі бар қайратты, жігерлі, төзімді бола бастайды. Қазіргі уақытта он сегіз жасқа толғанда кәмелетке толды деп есептеледі. Кәмелеттік шақта адамның бейімділігі мен қабілет-қарымы мейлінше ашыла түседі.