Кәсіпкерлікті азаматтар өз атынан, өзінің мүліктік жауапкершілігі кепілдігімен немесе заңи тұлғаның (кәсіпорынның) атынан және соның жауапкершілігі кепілдігімен жүзеге асырады. Кәсіпкерлік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысаны (мемлекеттік, ашық акционерлік қоғам, жабық акционерлік коғам, серіктестік, жекеше кәсіпорын, өндірістік кооператив, муниципалдық кәсіпорын) арқылы айқындалатын шектегі мүліктік жауапкершілікті көздейді. Қазақстан азаматтары мен шет мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ, азаматтардың бірлестіктері (ұжымдық кәсіпкерлік). Кәсіпкерлік жалдамалы еңбекті қолданбай немесе жалдамалы еңбекті қолданып, заңи тұлға құрмай немесе заңи тұлға құрып жүзеге асырылады. Жалдамалы еңбекті қолданбай жүзеге асырылатын кәсіпкерлік жеке еңбек қызметі ретінде тіркеледі, жалдамалы еңбекті қолдану жолымен жүзеге асырылатын кәсіпкерлік кәсіпорын ретінде тіркеледі. Кәсіпкерлік — бизнестің неғұрлым жекеше жағдайы. Қызметтің бұл түрі, көбінесе, адамның жеке басымен — кәсіпкермен байланысты. Шаруашылық қызметтің барлық түрлері, оларға заңнамалық актілерде тыйым салынбаған болса, мыс, коммерциялық делдалдық, сату-сатып алу, инновациялық кеңес беру, т.б. қызметтер, сондай-ақ, бағалы қағаздармен жасалатын операциялар кәсіпкерлікке жатады. Нарықтық жүйеде толымды кәсіпкерлік қызметке жол ашылады және ол мемлекеттік меншікті қоса, меншіктің барлық нысандарына тән. Меншікті мемлекет иелігінен алу, кәсіпорындарды жекешелендіру кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай туғызатын экономикалық үрдістер болып табылады. Қазақстанда кәсіпкерлік мәртебесі, мұндай қызметті жүргізуге кепілдік заң жүзінде баянды етілген. Кәсіпкерліктің ұйымдық-құқықтық нысандары: бірлескен Кәсіпкерлік — екі не бірнеше елдер серіктестерінің өндірістік-шаруашылық қызметінің кең ауқымды нысаны, яки өндіріс пен айналыс аясындағы, ғылыми-техникалық, инвестициялық және қызмет көрсету салаларындағы бірігу; жеке кәсіпкерлік — кәсіпкерлік қызметпен заңды тұлға құрмай айналысу; мемлекеттік кәсіпкерлік — ұлттық экономиканы дамыту үшін тауарлар шығаратын, қызметтер көрсететін мемлекеттік кәсіпорындардың қызметі, тәуекел кәсіпкерлік — көбінесе ғылымды көп қажетсінетін салаларға бағытталған.