КӘСІПОДАҚ

lat: KÁSİPODAQ

Өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы кызметкерлерді біріктіретін. өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар; қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері. Кәсіподақ ұйымдары азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, т.б. байланысты туындаған мәселелерін шешуде елеулі рөл атқарады. Кәсіподақтар Батыс Еуропа мен АҚШ-та өзара көмек қоғамдары ретінде XVIII ғ-дың аяғында пайда болды. Францияда жұмысшы қоғамдары, АҚШ-та жұмысшы қауымдастықтары құрыла бастады. Германия мен Еуропаның басқа да елдерінде XIX ғ-дың 30 40 жылдары құрылған жұмысшы қауымдастықтары жұмыскерлердің еңбек ету жағдайларын, жалақысы, тұрмысы, мәдениеті, демалысы, т.б. мұқтаждары салаларындағы мүдделерін қорғауды көздеді. Олар нақты істерімен өздерінің дербес саяси күш екендігін көрсетті. Дамыған елдерде кәсіподақтар XIX ғасырда заңдастырылды. 1905 ж. кәсіподақтардың одақаралық органдары Орталық бюролар кұрылды. Аса ірі халықаралық кәсіподақ орталықтары: Кәсіподақтардың дүниежүзілік федерациясы, Ерікті кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы және Дүниежүзілік еңбек конфедерациясы. Ресейде кәсіподақтар 1905 07 жылғы төңкеріс кезінде қалыптаса бастады. Қазақстанда да кәсіподақтар осы кезеңде құрыла бастады.