lat: KÓBİK
кез келген органикалық сұйықтықты қайнатқанда, піскенде бетіне шығатын көпіршіктер. Дәстүрлі ортада көбік сөзі көбінесе тағам дайындаумен байланысты қолданылады. Сұйық сорпаның, қайнатылған құрттың, саумал қымыздың бетіне, іркіттің бетіне жиналады. Көбік сабын дайындауға байланысты сақар қайнату үрдісінде де пайда болады. Ондай жағдайда көбікті басуға болмайды. Өйткені, сабын дұрыс қалыптаспайды. Әдетте еттің бетіне шыққан көбікті сапыра отырып, басын кепсермен жинап алып тастайды. Құрт қайнатқанда, балқаймақ пісіргенде, бетіндегі көбігіне шөміш сыртын малып алып, сол маңайдағы қыз-келіншектерге, бала-шағаға жалататын. Құрт қайнатып жатқан үйге көбік жалаймыз деп кішкентай балалар жиналатын. Тостағандағы қымыздың үстіне қой-ешкіні сауғанда, ол аяқ астынан көбіктеніп өте дәмді де жұғымды «желбіршек» деп аталатын тағам болады.