lat: KÓKPAR
аттылы адамдардың сойылған ешкіні тартысып ойнайтын ойын түрі. Көкпар үлкенді-кішілі той-мерекенің барлығында өткізіледі. Тек қуанышты сәттерге байланысты өткізілетін ғұрыптық ойын болғандықтан, ас беру сияқты ұлы жиын кезінде көкпар тартылмайды. Көшпелілер өмірінде көкпардың мақсаты жігіттерді шынықтыру, батылдыққа, ептілік пен қажырлылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және осы арқылы әскери өнерге баулу болған. Мұндай ойындар қатарына сайыс ойынын жатқызуға болады. Қазақы ортада көкпар – ойынның қызығы, тойдың тұздығы, жігіттің сыны, елдің намысы болып саналған. Көкпар тарту үшін тек қана ешкі түлігі (серкеш, лақ) беріледі және ойынның атына сай тартылатын малдың түсі де көбінесе көктен таңдалды. Осыған байланысты кейбір өңірлерде аталмыш ойынды көклақ , көксерке деп атау кездеседі. Ысылмаған балаң жігіттер лақ тартып жаттықса, той-томалақта неғұрлым үлкен серке берілетін болған. Ал балалар көк түсті теріні тартқан. Ел арасында тартылға нмалға сәйкес лақ көкпар, серке көкпар деген атаулар да кездеседі. Ойынның және оның атауының шығу төркіні туралы алуан түрлі пікірлер бар. Алғашқылардың қатарында пікір айтқандардың бірі Л.Н. Ермоленко ойынды қасқыр тотемімен байланыстыра келе, көкпар тартушы ойыншылардың өзін қасқыр деп қарастырады. Осы орайда, Ә.Қалиұлының төмендегідей ден қоярлық пікір айтады: «Біздегі қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түрік қағандығы кезіндегі «дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сығайланған батырлар тобы еді. Әскер тәрбиелеудің осындай әдісі келе-келе көкпар тарту спортына ұласып, халықтық рең алып кеткен». Б.Х. Кармышева мен С.П. Толстов сынды Орталық Азияның археологиясы мен этнографиясын терең зерттеген ғалымдар болса «басында ешкіні емес, керісінше қасқырды тартқан» деген пікір айтты. Осыған ұқсас пікірді көрнекті этнограф Г.Н. Симаков та білдірді: «Қазақтар ілкі замандарда аңшылық кезінде соғып алған қасқырды ауылға жеткенше тартып, сайысып, жеңісін әйгілеп келеді».