КӨКПАР

lat: KÓKPAR

Бауыздап, ішек қарнын алған малды (көбіне ешкі, лақ) ат үстінде тартысатын ұлттық сайыс. Ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Әуелгі аты «көкбөрі» дегеннен шыққан. Мал баққан көшпелі халықтар үшін өте қауіпті аң-қасқыр (бөрі). Оны соғып алған жұрт қуанып, өлігін ат үстінде сүйрелеген, бір-бірінен алып қашып, тартып тамашалаған. Кейін бұл ойынға айналған. Бірақ жиындарға қасқыр (бөрі) табыла бермегендіктен, көкпарда қой, ешкі, кейде бұзау тартатын болған. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды.