КӨРКЕМ

lat: KÓRKEM

сын. 1. Әдемі, ажарлы, әсем, сұлу. Тоты қыз бұрынғы к ө р к е м ажарынан арылмапты (О.Сәрсенбаев, Сағым). Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шетелдерге де « Сәрсенбайда бек к ө р к е м бір ақын қыз бар» деген лақап жайыла бастады (М.Дулатов, Шығ.). Тіліне қу түлкінің тез алдандың, Ойламай таңдағыны, тез құп алдың. Тап-таза ат, к ө р к е м көрік бәрі кетіп, Өміріңше құтыла алмас отта қалдың (М.Жұмабаев, Шығ.). Көздің жауын алар к ө р к е м астананың әр таңы, Сонда әсем өміріңді алдыңа әкеп тартады (Ғ.Қайырбеков, Құрдас.). 2. Жанға жайлы, рақат, сүйкімді, сәнді. Ақырын ғана к ө р к е м сыңқыл, әсем үнмен Әйгерім күліп қызарады (М.Әуезов, Абай жолы). Ғали домбыраны әкеліп ұстатқанның соңында: «Менің өлең айту әдетімде жоқ еді, білмеуші едім, деп күлімсіреп отырып: Қайыр, енді көңілдеріңіз қалмасын», деп к ө р к е м әнмен домбыраға дауыс қосып сөйледі (М.Дулатов, Шығ.).