КӨРКЕМДІК ДЕТАЛЬ, көркемдік бедер-

lat: KÓRKEMDİK DETAL, kórkemdik beder

мағыналық, көркемдік мәні бар ұсақ ерекшелік, заттың не кұбылыстың жеке сипаты, белгілері. Ол әншейінде көзге оңай түсе бермейтін өзгешеліктерді байқағыштықтан, көрегендіктен туындайды. Сондықтан өмір құбылысының, әр түрлі нәрсенің ерекшелігін, адамның бойындағы айрықша сипат-қасиетті дәл тауып, бейнелеп беру шеберлігін танытады. Мысалы: «Шолпы әуелі жиі сылдырап, аздан соң баяулай бастап, тағы біраздан соң анда-санда бір ғана шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық, қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей жұтып кетті». Бұл арада жас қыздың қимыл-козғалысының, жүріс-тұрысының ажырамас бір бөлігіндей көрінген шолпы шылдыры оқырман көңіліне берік ұялап қалады («Қайтқанда»). «Енді сол көп кыздардың ішінен бөлініп қалған бір ғана ұзын бойлы, ақсары қыз бар. Сұлу денелі, ашық нұр жүзді әсем бойжеткен. Жіңішке қап-қара қасы алдымен байқалады. Кейбір кішкентай козғалыстарымен Тоғжанның қасын еске түсірген. Ұзынша боп біткен, үлкендеу келген қоңырқай көздері саналы сияқты. Анда-санда күле қарап, жалт етіп қалғанда, әлдеқандай көп шұғылалы, мол сәуле төккендей болады. Сопақша біткен сұлу жүзінде жұқалаң, әсем қызылы бар». Бұл - Қуандық Қадырбайқызы. Мұнда жіңішке қап-қара қасы Абайға Тоғжанды еске түсіріп тұр. Ол К.д., ерекше бедер-белгі («Қияда»).