(бөлшек, бедер-белгі)– мағыналық, көркемдік мәні бар ұсақ ерекшелік, сөз болып отырған нәрсенің жекеленген сипат белгілері. Көркемдік детальдар қолдану егжей-тегжейлілікке елігіп, майда-шүйдені жіпке тізгендей тере беру емес, ол әншейінде оп-оңай көзге түсе бермейтін өзгешеліктерді байқағыштықтан, көрегендіктен туындайды, сондықтан ол өмір құбылысының, әр түрлі нәрсенің ерекшелігін, сондай-ақ адамның бойындағы қандай да бір қасиет-сипатты дәл тауып, бейнелеп беру шеберлігін танытады. Кейіпкердің мінезіндегі, кескін-келбетіндегі, іс-әрекеті мен сөйлеу мәнеріндегі немесе шығарманың сюжеттік желісіндегі, композициялық құрылысындағы жекеленген ерекшеліктер немесе суреттеменің, баяндаудың дәлдігін, нақтылылығын арттыра түсетін әр түрлі бояу-нақыштар – міне, осылардың қайқайсысын да көркемдік деталь ретінде алып қарауға болады. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында жас Абайдың Тоғжанға деген ыстық сезімін суреттегенде қолданылатын портреттік деталь – қыздың бейнесін оның шолпысының сылдыры арқылы әсерлі елестетуі. «Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай бастап, тағы біраздан соң анда-санда бір ғана шылдыр ете тусіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық, қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей жұтып кетті». Шолпының әдемі сылдыры жас қыздың қимыл-қозғалысының, жүрісінің бір ажырамас белгісіндей көрініп, Абай мен Тоғжанның алғашқы кездескeн сәттері суреттелгенде-ақ біздің көңілімізге берік ұялайды. Шолпының дыбыстық әсері жас қыздың қимыл-қозғалысының айрықша келісті сәнділігін көзге елестетеді. Бұл көркемдік тәсілдін, айрықша ұтымдылығы – аз сәзбен көп мағына беріп, өмір құбылысын ықшамды, орамды түрде, ұтымды бейнелеуге ұмтылуда. Айталық, адамның мінезін, қимыл-әрекетін суреттегенде, бірнеше дөп басып көрсетілген сипат-өзгешелік арқылы оның бейне-тұлғасын кезге тұтас күйінде айқын елестетуге мүмкіндік туады. Не нәрсе суреттеліп, қандай жағдай баяндалса да, бүтінді жеке бір бөлшегі арқылы, тұтас құбылысты кейбір дара сипаттары арқылы немесе адамның іс-әрекетін, жүріс-тұрысын бір-екі қимыл-қозғалысы арқылы әсерлі көрсету – міне, көркемдік деталь қолданудағы жазушының шеберлігі осыдан жақсы аңғарылады. Ахметов З.