lat: KÓSHPENDİLER PsıhologıaSY
Көшпелі халықтардың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы. Көшпенділер психологиясы алдымен көшпелі халықтың экстенсивті мал шаруашылығымен айналысуына байланысты табиғатпен етенелік жағдайымен ерекшеленеді.
Адамдар ұжымы мен оларды асырайтын ландшафт арасында тығыз байланыс болады, адамды қоршаған табиғат олардың күнделікті өмірінің бір элементі ретінде көрініс береді. Қазақ жерінің қатаң континенттік шырайы (жазының ыстықтығы, қысының суықтығы) өзін мекендеген халыққа мейірбандық сыйлаған. Табиғаттың қаталдығын өз көзімен көріп, басынан кешіріп жүрген адам өзгеге мұндай қаталдықты тілей қоймайды. Көшпелілер сұлу табиғат аясында малын айдап, бір орыннан екінші орынға жылжып отырды. Сол жолда айбынды таулар, айдынды көлдер, құрақты өзендер, көз жетпес жазықтар бірінен соң бірі алмасып өтіп жатты.
Халықты аясына алып әлдилеген сұлу табиғат оның көкірегіне әсем ән мен тәтті күйді ұялатпай қоймайды. Сондықтан көшпелі халықтар өнершіл келеді және олардың фольклоры бай болады. Табиғатпен үнемі етене байланыста болу, төл өсіру, хайуанаттармен жақындық адамды мейірімділікке баулиды. Қоғамдық дүниетанымның түзілуіне халықтың рухани өмірінде болып жататын процестер тікелей әсер етіп отырады. Халық ауыз әдебиетінде үлгі ретінде сомдалған идеалдар – батырдың мәрттігі мен аңқаулығы, отаншылдықтың жоғары тұруы, ар мен намысты қастерлеу, әлсізді жәбірлемеу, сұлудың тәкаппарлығы, жетімнің ақылдылығы, тазшаның тапқырлығы, қисынды сөзге тоқтау ұстанымдарының жиналып келіп, көшпенділер ұстанатын құндылықтарды айқындайтын нышандар болып табылады. Көшпенділер үшін ар тазалығы – ең қастерлі, қымбат бағаланатын, жоғары ұсталатын мұраттың бірі. Сертте тұру, арды асқақтату, сөзге тоқтау көшпелілердің қоғамдық қатынастарындағы айқындаушы категория деңгейіне дейін көтерілген.