lat: KÚIE
көбелектің құртының атауы. Күйе жүн талшықтарымен қорек ететіндіктен, жүннен жасалған бұйымдарға түсіп бүлдіреді. Сырмақ, текемет, кілем, алаша сияқты т.б. жүннен жасалатын төсеніш түрлері мен тоқыма бұйымдарын пайдалануға жарамсыз етіп тесіп, тіпті ұсақтап түтіп тастайды. Мұндай заттарға күйе түсудің алдын-алу мақсатында бұйымдардың арасына әр жерлерінен темекі жапырағын, адыраспан, ермен сияқты шөптердің кептірілген жапырағын ұнтақтап себетін және дорбашаларға салып сандық ішіне қоятын болған. Көктемде, әсіресе жазғы шілдеде киіз, кілем тоқыма бұйымдарды, ішік, тон, күпі, жабағы және құрамында жүн талшықтары бар киім-кешектерді күннің көзіне шығарып «қақтау» арқылы күйеден сақтайды.