КҮНДЕ

lat: KÚNDE

ет. 1. Байырғы кезде бәйбіше, тоқал, абысындардың бірінірі көре алмай, іштарлық жасауы. Қарақатын секілділер Ақбаланың ажарын да к ү н д е д і (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер). Менің көңілімді шығарғалы, оны к ү н д е г е н д і к т е н айтып отыр ғой деп ойладым. Балташ өкпелеп кетті. Көпке дейін жолыққан жоқ (Ж.Аймауытов, Шығ.). Тілеулес қатындар: «Байғұсқа болсын» деп, Мамырбайдікіне араласқанын к ү н д е й т і н д е р і: «Ә, қойшы!.. Ол бала тапса, біздің сұр төбет те күшіктер» десті (Ж.Аймауытов, Шығ.). Бірақ үлкен қатыны к ү н д е п, ұрлап алып, құдыққа тастапты. Кіші қатынға: «Сен күшік таптың», депті (Қаз. ертег.). 2. Бәсекелес, бақталас адамдардың бірінірі көре алмауы. Мәселен, анау артық тауып кетсе, Бірімізді біріміз к ү н д е й м і з ғой. Көре алмасақ мүбтәла көп хафаға Сүйгеннен айырылып жүрмейміз ғой (М.Дулатов, Шығ.). Менің де көп жаралы жүрегім бар, Надандықтан қираған сүйегім бар. К ү н д е м е й, шын міндесең, разымын, «Қайта, жастар сөйтсін» деп тілегім бар (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Жұрт к ү н д е р, жұрттан артық байлық үшін, Бүлдайды біреу күшін, біреу түсін. Не қылса да, надандар алмақты ойлар, Мал ант ұрған күйдіріп елдің ішін (Абай, Тол. жин.). 3. Қызғану, бергісі келмеу. Көріп жүрсем, күндеймін, Көрмей жүрсем түндеймін. Қимақ тұрсын, жат жаннан Көлеңкеңді к ү н д е й м і н (С.Торайғыров, Таңд. шығ.).