КҮНДЕЛІК

lat: KÚNDELİK

әр күнгі уақиғаны, жай-жағдайды тізіп отыратын жазу дәптері. Күнделік болған уақиғаның ізімен күнбе-күн жазылатындықтан нақтылық, деректіліп мен адамның өзі көрген-білген нақтылы жай-жағдайдан, болған істен алған әсерін танытатын сыршылдық сипатымен де айырықша құнды болады. Әдебиет қайраткерлерінің күнделігінен дәуір тынысын, қоғамдық қарым-қатынастарды, әр түрлі адамдардың мінез-құлқын, іс-әрекеттерін байқататын көптеген деректер, ой-түйіндерді табуға болады. В. Г. Короленконың «Жазба кітапшалары» (жазушының 1880–1900 жылдарда жазған күнделігі), В. Инбердің «Үш жыл» (жазушының 1941–1944 ж. Ленинградтағы жазбалары) осындай бағалы күнделікке жатады. Әдеби шығармада кейіпкердің атынан берілетін күнделік оның көңіл-күйін, мінезін, жан сезімін неғұрлым терең, әсерлі көрсету үшін қолданылатын көркемдік тәсіл болады. Мысалы, М. Ю. Лермонтовтың «Печорин журналы» («Біздің заманымыздың геройы» атты романда), М. Е. Салтыков-Щедриннің «Петербургтегі сырт кісінің күнделігі» т.б., Ж. Аймауытов «Ақбілек» романында кейіпкерлердің қарым-қатынасын айқындаудың ұтымды тәсілі ретінде Ақбілектің күнделік дәптерін шебер пайдаланған. Күмісбаев Ө.