КУӘ

lat: KÝÁ

зат. 1. Болған істің ақиқатын растаушы, шындығына айғақ болушы. Өтірік көрмегенін көрдім деуші к у ә л а р да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін (Абай, Тол. жин.). Зәбір көргенді, к у ә л а р д ы қазбалап сұрап алып, заң бойынша үкім шығаруға тырысады (М.Қаратаев, Дала.). Ақкірпік сылбыр мінезімен жай сөйлеп, к у ә л а р д ы ң көпшілігі осында екенін айтты (Д.Әбілев, Арман.). 2. заң. Азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша анықталуға тиіс қайсыбір мәнжайлардан хабардар адам. Көрінеу жалған айғақ бергені үшін және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін к у ә ҚР ҚК-нің 352, 353-баптарында көзделген жауаптылыққа тартылады ( Заң. термин. анықт. сөздігі). Сот к у ә л а р д ы ң төндіруімен ұры деп тауып, Қапанды үш жыл түрмеге салуға қаулы алды (Б.Майлин, Шығ.). 3. ауыс. Айғақ, дәлел. Геологиялық білімнен де аздаған хабары бар Шоқанның шамалауынша, бұл қатпарлар тектоникалық өзгерістердің к у ә л а р ы (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз). Сенсің досым жібек мінез, жібегім. Сені ғана сүйем к у ә жүрегім. Суық жолдан сақтайтын сен періштем, Сен болмасаң азып-тозып өлемін (М.Жұмабаев, Шығ.). Бұған бүкіл ауыл к у ә, Келестің жұмсақ толқындары к у ә, Көдесай да к у ә, аспандағы жұлдыздар к у ә (Т.Бердияров, Солдат сыры).