зат. 1. Заңдық мәні бар әлдебір деректі (туу туралы, неке туралы, оқу орнын бітіргені туралы т.б.) тұлғаның құқын (авторлық, иеленушілік т.б.) немесе дайындалған материалдардың (бұйымдардың, құрылымдардың) стандарттарға не техникалық шарттарға сәйкестігін дәлелдейтін ресми құжат. Балам он жетіде, нанбасаң, ауылнайдың мөр басып берген к у ә л і г і бар (Т.Ахтанов, Боран). Завод басқармасына кіре берісте есікші Ермектен к у ә л і к сұрамақ болып ұмтыла түсті де, танып, қоя қойды (Б.Қыдырбекұлы, Ұры.). Білім туралы к у ә л і к т е жетінші, сегізінші бітірді деген сөздер рим цифрымен жазыла салған (Б.Соқпақбаев, Өлгендер.). Мұқанның өз басының к у ә л і к қағаздары ғана өзінде (С.Шарипов, Бекболат). 2. заң. Заң органдарының тінту іс-әрекеттерін жүргізу фактісін, оның барысы мен нәтижелерін растау үшін куә болушылық. Тінту кезінде к у ә л і к к е қатысқан Наташа мынаны хабарлады (Е.Оразақов, Дәрігер.). 3. Белгі, айғақ, дәлел. Сол үшін жиналдық біз мына бүгін, Осы күн қасиетті күн, дуалы күн, Алланың өз қолынан алу үшін, Бірліктің, тұтастықтың к у ә л і г і н! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Оны айғақтайтын бірден-бір к у ә л і к т е р Санкт-Петербургтің Эрмитажында, Ұлыбритания, Париж, Берлин мұражайларында сақтаулы тұрған алтын және күміс теңгелер болып табылады («Парасат»). Ғажап та, әсерлі. Санаға әсер берудің тамаша үлгісі. Танымның қуатты бастауын көрсететін ғажап к у ә л і к! («Егемен Қазақстан»).