Көкпарда аттан жығылған, жарылып басы, қол сынған (Ж. Молдағалиев). Қазақ тіліндегі көкпар сөзі екі сөзден құралған: көк + бөрі. Бөрі сөзі көпшілік түркі тілдерінде «қасқыр» деген ұғымда жұмсалады. Бұл сөз алтай тілінде бору; тува тілінде бөру; ноғай, татар, башқұрт, ұйғыр тілдерінде бора, бүре, бөрө болып айтылады. Бурят-монғол тілінде буруу деп бұзауды және әр түрлі тағы аңның (аіо, барс т. б.), малдың (бұғының) жылға толмаған төлін айтады. Көк сөзі басқа түркі тілдеріндегідей қазақ тілінде де «заттың түсі, аспан, жас балауса шөп, жаңа шыққан жеміс-желең, өрімдей жас» деген мағыналарда қолданылады. Бөрі сөзіне қосылып көк сөзі «мықты, азулы, нағыз көкжал қасқыр» деген ұғымды білдіреді. Тува тілінде көкжал қасқырды көк бөрі дейді. Қазақ тілінде бөрі сөзін қасқыр сөзі азды-көпті әдеби тілден ығыстырғанға ұқсайды. Бірақ, бөрі сөзі тілімізден, қолданылудан шықпаған, жалпыға бірдей түсінікті. Сөйтіп, көкпар сөзі көк және бөрі деген екі сөзден құралған. Бастапқы б дыбысының қатаңдап п-ға айналуына бірінші сөздегі қатаң к дыбысы әсер еткен. Екпін алдыңғы дауыстыға түсуімен байланысты і дыбысы түсіп қалған. Алғашқыда қасқыр соғумен байланысты шыққан көкпар сөзі кейін келе ұлт ойынының бір түріне айналып, қасқыр (бөрі) емес, көкпарға тартатын лақ, ешкі, қозы сияқты асыранды малдардың төлі болған. (Б. С.)