зат. 1. Үй, ғимарат т.б. жайлардың есік алды, кіретін жері. К і р е б е р і с жер аласа, құр тақтай, одан арғы жер төрдегі үлкен әйнектерге шейін киіз, алаша, көрпе, бөстек төсеулі биіктеу сәкі (Ж.Аймауытов, Шығ.). Кешке жақын үйіне келген Асқар, к і р е б е р і с т е бірінің үстіне бірін қойған екі-үш көлемді түйін көрді (Қ.Исабаев, Өткелде). Ғимараттарға к і р е б е р і с т е тамбуры бар қосар есік салып, оларды дыбыс сіңіретін материалдармен қаптайды (Т.Қалыбеков, Экология.). Белеулідегі тас қашау өнерінің ескерткіштерінің ішінде біз үшін маңыздысы к і р е б е р і с босағасындағы арқаның тимпандарында бейнеленген атақты арыстандар (Р. Бекназаров, Қаз.тас қашау.). 2. Дәл алды, кірген бойда көзге түсетін жер. Мен енді сіздерді қаламыздың ең жас тұрғындарымен таныстырайын, деді секретарь паркке к і р е б е р і с т е («Қаз. әдеб.»). Қазақстанның Тараз, Өскемен, тағы басқа қалаларындағы андағайлап қарсы алатын к і р е б е р і с т е г і, іші-сыртындағы толып жатқан шіркеулер аздық етті ме? («Жас Алаш»). Ресейдің бас қалаларының бірінде к і р е б е р і с т е зәулім мешіт тұрғанын көрдіңіз бе? («Жас Алаш»).