КІРМЕ

lat: KİRME

зат. Атамекенін тастап, басқа бір руға, елге, ортаға ауып келген, келімсек адам, топ, отбасы немесе ру. Қазақстанға өз беттерімен келген немесе кеңестік заманда зорлап көшіріліп әкелінген халықтар да к і р м е болып саналады (ҚҰЭ). Ата-ата ретімен осы күні қай болысқа қарайтынын жерін, суын, мекенін айтыңыз. Араларыңыздағы к і р м е л е р қай рудың, қай болыстың ішінде екенін көрсетіңіз (М.Дулатов, Шығ.). Әр ауыл негізінде бір атаның баласы бола тұра, ішінде өзге, кейде алыстағы аталар мен рулардан келетін к і р м е дейтіндер де болды. Оларды «қоңсы» деп те айтады (С.Мұқанов, Халық мұрасы). Күнпейіс шал бір әңгімесінде көрші-қоңсы отырған жиырма шақты үйдің өзін біреуін к і р м е, біреуін ауып келген, біреуін шатыс деп бөлектеп, мүйіздеп болды (Ө.Қанахин, Жер бас.).