КАМЗОЛ

lat: KAMZOL

жағасы мен жеңі ойма, белі қынамалы, етегі тізеден төмен болып келетін, қыз-келіншектерге арналған сырт киім. Қазақстанның Оңтүстік және Шығыс өңірлерінде жеңі шынтаққа келетін шолақ жең немесе тірсек жең бешпентті де камзол деп атаған. Пішілу және тігілу ерекшеліктеріне қарай камзолдар жібек камзол, мақпал камзол, қазақы камзол, қынай бел камзол, тірсек камзол деп түрліше аталады. Жергілікті ерекшеліктерге байланысты халық тілінде камзолды қамзол, кәжекей, көкірекше, кеудеше, күрме, күрдек, қаркеспе деген атаулар қалыптасқан. Сонымен қатар, кей өңірлерде балалар мен ер адамдар киетін беш-пент, кәжекей де камзол деген. Камзол латын тілінде camisiale , арабша kamis , ал французша camisole деп аталады. Татарлар мен башқұрттарда камзол күнделікті киім ретінде қолданылып, камзул, бишмәт деп аталса, қырғыздар кемзел, бешмант, келтече деп атаған. Кейбiр түркі тiлдерiн зерттеушiлер «камзол» мағынасындағы кәзекей сөзiнің башқұрт, татар тiлдерiнен енгендігін айтады.