(грекше –canon: қалыптасқан, белгілі болған, таныс деген мағынада)–көптеген шығармалардың, қайта-қайта басылуға айтуға байланысты, кейде қатеден, кейде бастырушының, я айтушының әдейі өзгертуіне байланысты алғашқы қалыптан өзгеретіні белгілі. Мұндай кездерде текістің алғашқы нұсқасын қаз-қалпына келтіру үшін көптеген текстологиялық зерттеулер жүргізуге тура келеді (салыстыру, түпнұсқасын табу, кейінгі қоспалардан арылту т.б.). Сонан кейін ғана алғашқы түпнұсқасын анықтауға мүмкіндік туады. Түзетіп, қайта бастырғаннан кейін, бұл канондық текске айналады. Абай шығарамаларының канондық тексін жасауға көп күш жұмсалды. Ақын өлеңдерін өзі баспаға бермегендіктсн және авторлық қолжазбасын сақталмағандықтан бұл істе қиындық аз болған жоқ. Мәселен, Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының 1957 жылы шығарған Абай шығармаларының екі томдық жинағы канондық басылым ретінде дайындалған. Бұған Абай өмірі мен шығармаларының білгірі, өзі талай зерттеу еңбектер жазған Мұхтар Әуезов басшылық еткен. Бұл басылым бірсыдырғы жақсы шыққаны даусыз. Соның өзінде жекелеген қателіктер, жаңсақтықтар кеткені кейін анықталды. Ол ағаттықтар Абай шығармаларының 1977 жылғы басылымында ескерілді. Бұл басылымға да әртүрлі сын-пікірлер айтылды. Оның дұрысы да, бұрысы да жоқ емес. Бұл жерде мынаны еске салу қажет. Абай шығармаларын жазып қалдырған Мүрсейіт қолжазбаларының бірнеше нұсқасында кейде бір сөз әрқалай оқылады. Ол сөз 1909 жылғы алғашқы жинақта тағы басқаша болып келетін кезі жоқ емес. Ал бұл құрастырушы ғана емес, кейінгі сыншы, пікір айтушылардың да бірталай тұста кейбір сөзді басқаша түсініп, өзінше түзетуге тырысуына мүмкіндік береді. Осыдан кейін кей-кейде дәлелсіз жорамал жасау да кездеседі. Ал қазіргі замандағы қаламгерлерді алсақ, олардың шығармаларының канондық тексін айқындау да әлі түгелдей жолға қойылған дей алмаймыз. Мысалы, Сәкен Сейфуллин шығармаларынын әр басылымында ала-құлалық кездеседі. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев шығармаларының бұрынғы басылымдарын мұқият салыстыра зерттеу, канондық тeкстін қалыптастыру – әдебиеттану ғылымының алдында тұрған маңызды міндет. Базарбаев М.