КАШМИР МӘСЕЛЕСІ

lat: KASHMIR MÁSELESİ

1947 ж. тамызда тәуелсіз екі мемлекет құрылуына байланысты туындаған кақтығыс. Кашмирдің басым мұсылман бөлігі Пәкістанға қосылып, ал индуистік бөлігі Үндістанды қолдады. Екі ортада қарулы қақтығыстар өршіп, екі ел басшылары БҰҰ-на шағымданды. БҰҰның Қауіпсіздік кеңесі 5 елден ара ағайындық комиссия құрды. 1949 ж. 1 қаңтарда соғыс қимылдары тоқтатылып, 27 шілдеде шекара сызығы белгіленді. Батыс және Солтүстік Батыс Кашмир Пәкістанға, ал қалған көпшілік бөлік Үндістанға бағындырылды. 1952 ж. шілдеде Кашмир билеушісі мен Үндістан үкіметі арасында «Дели келісімі» жасалды, өлке Джамму және Кашмир штаты деген атпен Үндістан құрамына енгізілді, бұл шешімді жаңа штаттың ұйысу жиналысы 1956 ж. 17 қарашада қабылданған конституциямен бекітті. Осыған байланысты Үндістан бұл мәселе біржола шешімін тапты деп есептеді. Пәкістан, керісінше, Джамму және Кашмирде референдум жүргізуді талап етті. Осыдан кейін Кашмир мәселесі БҰҰ-да 1955, 1960, 1962, 1963 жж. бірнеше мәрте көтерілді. Үнді-Пәкістан кездесулерінде талқыланып, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. Екі ел арасында 1965 ж. туған кезекті қарулы қақтығыс КСРО мен басқа де елдердің белсенді араласуымен тоқтатылды. Ташкент кездесуінде (4-10 қаңтар 1966 ж.) екі ел басшылары Үнді-Пәкістан қатынастарын реттеуге жол ашатын декларацияға қол қойды. Бірақ Кашмир мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. 2001 ж. Үндістан мен Пәкістан елдері ядролық державаға айналып, Кашмир екі ел арасындағы ғана емес, Азия құрлығындағы ең бір қауіпті аймақтардың біріне айналды. 2002 ж. көктемде Үндістан мен Пәкістан арасында Кашмир мәселесінің ушыкқан кезекті жанжалы басталып, арты қарулы қақтығысқа ұласты. Әлемдік деңгейдегі аса үлкен соғысқа жол бермеу үшін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев екі ел басшыларын Азиядағы өзара ынтымақтастық пен сенім шаралары кеңесіне қатысуға, келіссөз жүргізуге шақырды. Бұл шақыруды екі ел басшысы да қабыл алып, 2002 ж. 3 маусымда Алматыға келді. 4 маусымда өткен саммит кезінде олар өздерінің ядролық қаруын бірінші болып қолданбайтындықтары жөнінде мәлімдеме жасады.