lat: KEDENDİK TÓLEMDER
Қазақстан Республикасында мынадай кедендік төлемдер қолданылады: кедендік баж; кедендік алымдар; алымдар; алдын ала шешім үшін төлемақы.
Кеден органдары демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда алады.
Кедендік төлемдердiң ставкалары мынадай түрлерге: салық салынатын тауарлардың кедендік құнына процентпен есептелетiн – адвалорлық; салық салынатын тауарлардың бірлігі үшiн белгiленген мөлшерде есептелетiн – ерекшелiкті; кедендік төлемдер ставкаларының аталған екi түрiн де ұштастыратын – құрамдас болып бөлiнедi.
Кедендік баждар тауарларды кедендік режимдерде декларациялау кезінде төленеді, бұларға орналастыру жағдайы Қазақстан Республикасының кедендік тарифіне сәйкес кедендік баждарды төлеуді белгілейді.
Кедендік алымдарға кедендік рәсімдеу үшін кедендік алым; кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым; тауарларды сақтау үшін кедендік алым жатады.
Кедендік төлемдер қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз төлеу тәртiбімен төленедi.
Кедендік төлемдердi төлеуді төлеушi не кедендік төлемдер енгізілетін төлеушіні көрсете отырып, үшiншi тұлға жүзеге асыра алады.
Кедендік төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
Кедендік төлемдер тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша кеден ісі мәселелері бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бюджетке аударылады.