КЕМСІТУШІЛІК /ДИСКРИМИНАЦИЯ/ (ЭТНИКАЛЫҚ, ҰЛТТЫҚ, НƏСІЛДІК)

lat: KEMSİTÝSHİLİK /Dıskrımınasıa/ (ETNIKALYQ, ULTTYQ, NÁSİLDİK)

Этностық, ұлттық немесе белгісіне қарай адамның құқықтары мен міндеттерінде болатын қисынсыз айырмашылық (құқыққа нұқсан келтіру немесе қосымша міндеттер жүктеу). Этностық кемсітушілік дискриминацияның ең қатерлісі. Мұның салдарының қауіптілігі сондай, мемлекеттен, азаматтық қоғамның барлық институттарынан жəне азаматтардан идеология, құқық, сот, мемлекеттік басқару, көші-қон, еңбек, білім, тіл, мəдениет, тұрмыс салаларында, игілікті бөлу мен адамның қажеттіліктерін өтеу сияқты мəселелерде ерекше зейін қоюды, шешімді əрекеттер жасауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы Кемсітушілік қай түрін болса да тойтарады жəне заң алдында бүкіл адамдардың тең болуын конституциялық тұрғыдан бекіткен. Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1- жəне 2-тармақтарына сəйкес «Заң мен сот алдында жұрттың бəрi тең. Тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiктiк жағдайына, жынысына, нəсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды». Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 3-тармағында, 20-бабының 3-тармағында, 39-бабының 2-тармағында кемсітушілікке қарсы бірқатар кепілдіктер берілген. Қылмыстық заңнамада нəсілдік жəне ұлттық төзімсіздікке қатысты уəждермен қылмыс жасағаны мен құқық бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын, жазаны күшейтетін жағдайға ұлттық, нəсілдік жəне діни уəждермен жек көру һəм жауласу жатады. Мемлекеттік этносаясат қазақстандық этностардың бəрінің сақталуына жəне дамуына бағытталған қажет жағдайлардың бəрін жасаған. 1998 жылдың 29 маусымындағы №245 ҚР Заңы бойынша Қазақстан Нəсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы Халықаралық конвенцияға қосылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылдың 21 наурызындағы №558 Жарлығымен Халықаралық конвенция талаптарына орай Қазақстан Нəсілдің кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттің құзыретін таныды. 2012 жылдың қазан айында БҰҰ Комитетіне Пакт талаптарының орындалғаны туралы Қазақстан Республикасы кезеңдік алтыншы жəне жетінші есептерін берді.