lat: KERMEK
тамырынан сары түсті илік зат, бояу алынатын шөп. Кермектің гүлі күлгін түсті болады. Кермек тамырын тері илеуге қолданумен бірге, жіп бояуға да пайдаланған. Сонымен қатар тері бояу үшін емен, тал, т.б. ағаштардың қабығын, қарағанның түбірін, ермен-жусанның бүрін кептіріп, талқандап түйіп жасалған қоспаны да кермек деп атайды. Дәстүрлі ортада иден, малмадан шыққан теріні тұнбаға салу, сол арқылы оған қызғылт өң беруді кермекке салу немесе қызылдау деп атайды. Ол үшін қоспаны қазанға салып, су құйып, татытып тұз салып қайнатады. Белгілі бір уақыт қайнаған соң ағаш астауға ауыстырып құяды. Қоспаның бабына келген-келмегенін білу үшін оған білекті батырады. Егер қоспа білек күймейтіндей шым-шым болса, оған теріні салып он шақты тәулік жылы жерде ұстайды. Сосын терінің бояу алған, алмағанын пұшпағын өткір пышақпен тілу арқылы біледі. Егер Кермектің қызғылт бояуы терінің өн-бойына түгел сіңсе, кермектен алып, суын сорғытып, көлеңкеге жайып кептіреді. Кермекке салынған тері бояу алғанда әдемі қоңыр – қызыл түске боялады.